Alatau City: инвестициялық әлеуеті 2 млрд доллардан асты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация Alatau City жобасының Еуропадағы инвестициялық роуд-шоуын аяқтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Іскерлік бағдарлама Лондон, Берлин және Майндағы Франкфурт қалаларын қамтыды.
Роуд-шоудың қорытынды кезеңі Майндағы Франкфуртта өтті. Онда қазақстандық делегация Alatau City-дің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, қаланың инфрақұрылым, өнеркәсіп және технологиялық жобаларын жүзеге асыруға неміс бизнесін тарту мәселелерін талқылады. Банктер, инвестициялық ұйымдар мен халықаралық компаниялардың өкілдері қатысқан Alatau City Investment Round Table дөңгелек үстелінде инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, ұзақмерзімді капитал тарту және Германияның қаржы құралдарын пайдалану мәселелері қаралды.
Қанат Бозымбаев Alatau City-ді дамытудың стратегиялық басымдықтары мен Қазақстан және Германия арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін таныстырды. Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров қатысушыларға қаланың даму тұжырымдамасы, негізгі бағыттары және халықаралық инвесторлар үшін жасалған жағдайлар туралы баяндады. Франкфурттағы келіссөздер нәтижесінде Alatau City жобаларына банктік қаржыландыру тарту жөнінде келісімдер жасалды. Тиісті құжаттарға Alatau City Authority, Alatau City Bank және Германияның AKA Bank пен KfW қаржы институттары (Германияның мемлекеттік даму банкі) қол қойды. Ынтымақтастық инвестициялық жобаларды қаржыландыруды және неміс жабдықтарын сатып алуды көздейді.
WILO, Zrinski Solutions, Myron AG, Nikolaus & Co. және Schneider Group компанияларымен өнеркәсіп және технологиялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, инженерлік және сервистік инфрақұрылымды дамыту, медициналық бұйымдар өндірісін ұйымдастыру, активтерді токенизациялау тетіктерін енгізу және инвестициялық консалтингті дамыту мүмкіндіктері қарастырылды. Берлин мен Франкфуртта өткен іс-шараларды қамтыған роуд-шоудың Германиядағы кезеңінде инвестициялық әлеуеті $715 млн болатын 18 келісімге қол қойылды.
Жалпы Alatau City-дің Еуропадағы инвестициялық роуд-шоуы қорытындысында жиынтық инвестициялық әлеуеті $2 млрд-тан асатын 27 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Ынтымақтастық қаржы секторын, инженерлік инфрақұрылымды, білім беру, машина жасау, денсаулық сақтау, туризм және цифрлық экономика салаларын қамтиды.
Айта кетелік Alatau City жобасына $1,3 млрд инвестиция тарту көзделген.