Алатау қаласын дамытудың жаңа құқықтық режимі енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Алатау қаласына арнайы мәртебе беру көзделіп отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасында айтылған.
Заң жобасы қаланы басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруға, цифрлық және инновациялық технологияларды енгізуге, заманауи халықаралық стандарттарды қолдануға, сондай-ақ қала құрылысы, әлеуметтік, экологиялық және инвестициялық үдерістерді реттеуге бағытталған.
— Жобаны қабылдаудың негізгі мақсаты — Алатау қаласының жұмыс істеуі мен дамуына жеке инвестицияларды тарту үшін жетілдірілген құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық жағдайлар жасау. Бұл өз кезегінде республиканың экономикалық сапасын арттыруға ықпал етпек, — делінген құжатта.
Алатау қаласының арнайы мәртебе аясында жұмыс істеуі, оның дамуы мен қалалық үдерістерді реттеу төмендегі негізгі міндеттерді іске асыруды көздейді:
— Алатау қаласын халықаралық маңызы бар экономикалық, технологиялық, ғылыми-білім беру, сауда-ойын-сауық және инвестициялық орталық ретінде қалыптастыруға жағдай жасау;
— адами капиталды, инвестициялар мен технологияларды жедел тарту және дамытуға мүмкіндік беретін дербес құқықтық және әкімшілік режимді қалыптастыру әрі ұзақ мерзімді сақтап тұру;
— Алатау қаласын дамытуға салынатын инвестициялардың құқықтық қорғалу кепілдігін күшейту;
— «Ақылды қала» қалыптастыру және экономикалық дамуды қамтамасыз ету мақсатында ғылым мен техниканың озық жетістіктерін, технологиялық инновациялар мен заманауи тәсілдерді қолдану;
— қалалық ортаны басқарудың алдыңғы қатарлы реттеуші және жергілікті басқару тәжірибелерін енгізу.
Атап айтқанда, заң жобасында Алатау қаласын басқарудың тиімді жүйесін құру, цифрлық және инновациялық технологияларды енгізу, халықаралық стандарттарды қолдану, сондай-ақ қала құрылысы, әлеуметтік, экологиялық және инвестициялық салалардағы үдерістерді реттеу қарастырылған.
Сондай-ақ құжатта Алатау қаласының арнайы мәртебе жағдайында жұмыс істеуінің негізгі қағидаттары айқындалған. Бұл туралы толық ақпаратты Ашық НҚА порталынан оқи аласыз.
Еске сала кетейік, әлемдік сәулет алыптары Алатау қаласының тұжырымдамасын таныстырды.