Алатау қаласында алапат өрт болған қоқыс полигоны жабылды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алатау қаласы аумағында орналасқан тұрмыстық қалдықтар полигонында 1 аптадай өрт болды.

Алматы облысында бір апта өртенген қоқыс полигоны жабылуы мүмкін
Фото: Алматы облысының ТЖД

Оның салдарынан қала аумағында техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілген болатын. Алматы облысы экология департаменті бұл оқиғадан кейін аталған қоқыс полигоны жабылуы мүмкін екенін хабарлады. 

Kazinform агенттігі бұл мәселені нақтылады. Ресми сауалға жауап берген Алматы облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасы қазіргі уақытта нысан жұмысы тоқтағанын атап өтті.

— Алатау қаласы аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында болған өртке байланысты оның жұмысы уақытша тоқтатылды. Өрттің себебін анықтау мақсатында, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — делінген басқарма жауабында.

Сонымен қатар ведомство мәліметінше, жыл басынан бері Алматы облысында ғарыштық мониторинг нәтижесінде 145 рұқсатсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Бүгінге дейін оның 123-і жойылды, бұл — 84,8 пайыз.

— Қалған 22 рұқсатсыз қоқыс үйіндісін жою жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 505-бабы бойынша 19 782 хаттама толтырылып, жалпы 27,1 млн теңге айыппұл салынды. Ал 434-баптың 2-бөлігі бойынша 3 399 хаттама толтырылып, 109,1 млн теңге айыппұл салынды, — деп хабарлады ведомство.

Өңірдегі ең ескі полигонға 36 жыл болған

Алматы облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасы өңірдегі өзге қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары туралы жауап берді.

Жалпы облыста қоқыс тастауға арналған арнайы 6 орын белгіленген:

  1. Уақытша жабылған Алатау қаласындағы тұрмыстық қалдықтар полигоны 2008 жылы пайдалануға берілген. Аумағы — 34,3 га.
  2. Балқаш ауданында ауданы 6,55 га болатын полигон орналасқан. Ол Балқаш ауданы Ақдала ауылдық округі әкімінің аппаратының теңгерімінде. 2014 жылы пайдалануға берілген нысан жылына 2800 тонна тұрмыстық қалдықтарды қабылдай алады.
  3. Жамбыл ауданындағы полигон аумағы — 10 га. Пайдалануға 2008 жылы берілген, қазір Жамбыл ауданының ТҮКШ мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде. Жобалық қуаты — жылына 20 000 тонна.
  4. Қарасай ауданында өңірдегі ең көне қоқыс полигоны орналасқан. Нысан 1989 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір «KAZ Waste Conversion» ЖШС-ына жалға берілген. Онда жылына 523 500 тонна тұрмыстық қалдықты тастауға болады.
  5. Талғар ауданындағы полигонның меншік иесі — «ЭкоСервисГрупп» ЖШС. Ауданы — 7,4 га. 2017 жылы пайдалануға берілген. Жылына 33 800 тонна тұрмыстық қалдықтарды әкелуге жарамды.
  6. Қонаев қаласының арнайы орны «Қонаев Көркейту» мекемесіне сенімгерлік басқаруға берілген. Жобалық қуаты — жылына 50 000–60 000 тонна.

Ведомство Қонаев қаласында экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында жаңа полигонын салу және қалдықтарды сұрыптау желісін іске қосу жоспарланғанын атап өтті.

Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Жобаны іске асыру 2025–2026 жылдары жоспарланып отыр.

— Жыл сайын шамамен облыс бойынша 630 мың тонна қалдық түзіледі, оның ішінде 182,7 мың тоннасы қайта өңделеді, — деп хабарлады облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасы.

Еске салайық, алапат өртке байланысты жарияланған Алатау қаласындағы төтенше жағдай режимі 1,5 айдан кейін алынған еді. 

Соңғы жаңалықтар