Алатау қаласында биыл 10 инвестициялық жобаның құрылысы басталады

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алатау қаласының бюджеті былтыр 2,4 млрд теңге болған және оның 96,9% игерілген. Ал биыл қала қажеттіліктеріне жұмсалатын қаражат 4,4 млрд теңге мөлшерінде бекітілді.

Алатау қаласында биыл 10 инвестициялық жобаның құрылысы басталады
Фото: 7-su.kz

Бұл туралы Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында Алатау қаласының әкімі Әркен Өтенов мәлім етті.

Айта кетейік, брифинг барысында жаңадан құрылған қала әкімі шаһардың 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны туралы баяндады.

- Алатау қаласының 2025 жылға арналған бюджеті 4,4 млрд теңге мөлшерінде бекітілді. Оның ішінде жолдар инфрақұрылымын жетілдіруге 819 млн теңге (18,2%), тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамытуға 1,3 млрд теңге қарастырылса (29,5%), әлеуметтік төлемдер мен қолдау шараларына 400 млн теңге (9,1%) қаражат бөлініп отыр, - деді ол.

Сондай-ақ шаһар басшысы Алатау қаласының кешенді және үйлесімді дамуын қамтамасыз ету үшін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың жетекшілігімен стратегиялық маңызы бар жобалық кеңсе құрылғанын атап өтті.

Әркен Өтеновтың айтуынша, 2024 жылы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 46 млрд теңгеге жетті. Ал осы жылы қалада 10 ірі инвестициялық жобаның құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматы мен Алатау қаласының арасында сутегімен жүретін тікұшақ-такси пайда болуы мүмкін екенін жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар