Алатау қаласында заңсыз құрылыс тоқтатылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысының Алатау қаласында заңсыз құрылыс деректері анықталды.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, «Заречный» шағын ауданында өткен көшпелі кеңес барысында «LH AL» ЖШС-ға тиесілі құрылыс нысанында рұқсат құжаттарынсыз жер қазу жұмыстары жүргізілгені белгілі болды. Тексеру нәтижесінде компанияның құрылыс заңнамаларын сақтамай жұмыс жүргізіп жатқаны анықталған.
— Бұл дерекке байланысты Алматы облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына «LH AL» ЖШС нысанындағы барлық құрылыс жұмыстарын тиісті жобалық және рұқсат құжаттары толық реттелгенге дейін тоқтату тапсырылды. Алатау қаласының әкімдігіне уәкілетті органдармен бірлесе отырып, ұңғыманың өздігінен ағуын жою бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу міндеттелді. Аталған мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында, — деп хабарлады әкімдіктен.
Сонымен қатар Табиғат қорғау прокуратурасы мен Полиция департаментіне заңнама талаптарының сақталуына бақылау орнатып, құқықтық шаралар қабылдау тапсырылған.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында бөгет құрылысының мерзімін созған мердігер тексерілетінін жазғанбыз.
Одан бөлек Алматы облысында құрылысы бітпеген 5 нысан бұзылатынын жазған едік.