Алатау полигонындағы өрт: облыста ауа сапасы санитарлық нормаға сәйкес пе
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы облысында ауа сапасына жүргізілген зерттеулердің қорытындысы жарияланды.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, 16–17 қыркүйек күндері Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары «Ұлттық сараптама орталығының» зертханасымен бірлесіп, «ADK Таза Әлем» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны маңындағы селитебтік аймақта атмосфералық ауаны өлшеу жұмыстарын жүргізді.
Мониторинг бірнеше жерде жүзеге асырылған. Олар: Өтеген батыр мен Байсерке ауылдарының арасындағы шекарада, Заманбек Батталханов пен Сейфуллин көшелерінің қиылысында, сондай-ақ ПКСТ «Дачник» және «Простор» саяжай массивтерінде. Зерттеу барысында сегіз көрсеткіш бойынша сынама алынған. Олардың ішінде азот тотығы, күкірт диоксиді, бензол және аммиак деңгейлері тексерілді.
- Өлшеу нәтижелері бойынша зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациялары тіркелген жоқ. Барлық көрсеткіштер Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің гигиеналық нормативтеріне толық сәйкес екені анықталды. Мамандардың айтуынша, тұрғын аймақтардағы ауа сапасы белгіленген нормалар шегінде сақталған, - деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, бұған дейін Алатау полигонындағы өртті сөндіруге 5 облыс пен 2 қаланың ТЖД күштері тартылғанын жазғанбыз.