Алатау полигонындағы өртті сөндіруге 5 облыс пен 2 қаланың ТЖД күштері тартылды

АЛАТАУ. KAZINFORM — Өртті сөндіру жұмыстары қиындап тұр. Себебі өрт көп аумақты шарпыған, жердің 10 метр тереңдігінде әлі де бықсыған шоқтар бар, ал желдің бағытының өзгеруі жалынды қайта күшейтіп жібереді, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

Алматы облысында қоқыс полигонында шыққан өртті сөндіріп жатыр
Фото: ТЖМ

Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтің тапсырмасы бойынша кеше кешке өрт орнына Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев барды.

Іс-қимылдарды үйлестіру оқиға орнында да, ТЖМ Командалық орталығынан да жүргізіліп жатыр.

Полигонда өртті сөндіру жұмыстарын тәулік бойы жүзеге асыратын жедел штаб жұмысқа кіріскен. Өртті сөндірудің 6 учаскесі құрылды.

Өрт орнында «Терең-Қара» өзенінен ашық су көзіне автомобиль-сорғы жеңін орнату арқылы магистральдық желі тартылып, суды үздіксіз жеткізу ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарға 6 техника: бір автомобиль-сорғы жеңі және 5 автоцистерна жұмылдырылды. Өртті сөндіруге 11 өрт оқпаны және 1 тасымалды лафетті оқпан берілді.

— Өртті сөндіру жұмыстары өрт жүктемесімен, 10 метр тереңдіктегі бықсумен және жел бағытының өзгеруімен күрделеніп отыр. Өртті сөндіруге Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Абай облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, сондай-ақ ҚР ТЖМ Мартбек Мамраев атындағы 52859 және Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері қосымша жұмылдырылды. Барлығы 200-ден астам жеке құрам мен 90-нан астам техника жұмыс істеп жатыр, — делінген хабарламада.

Күндіз-түні құтқарушылар ошақтарды инертті материалдармен толтырып, топырақты тығыздау жұмыстарын жүргізеді. Бұл әдіс оттың бықсуын оттегінің қолжетімділігін толығымен жауып, өрттің түпкілікті жойылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Бұдан бұрын Алатаудағы қоқыс полигонындағы өртке байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін екені айтылған еді.

Соңғы жаңалықтар