Алатауда 1 млн адам тұруы мүмкін: электр желілері алдын ала салынады

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алатау қаласында халық саны көп болатынын ескере отырып, заманауи энергетикалық және инженерлік инфрақұрылым құру жоспарланып отыр.

Алатауда 1 млн адам тұруы мүмкін: электр желілері алдын ала салынады
Фото: Ақорда

Alatau City Authority жобалау және құрылыс нормалары департаментінің директоры Тимур Ташмұхамбетовтың жобалауынша, 2040 жылға қарай тұрғындар саны шамамен 1 миллион адамға жетуі мүмкін. Ол мұны Powerexpo Almaty 2026 көрмесі аясында өткен «Алматы энергетикасы: дамудың 105 жылы және жаңа өсу нүктелері» атты пленарлық сессияда мәлімдеді.

Оның айтуынша, қаланы дамытуға жауапты ұйым Алатаудың алдағы 5, 15 және 30 жылдағы даму бағыттарын айқындайтын бас жоспар әзірлеуге кіріскен. Бұл жұмысқа бас жоспарлау және талдау саласындағы халықаралық сарапшылар — Ұлыбританияның Arup компаниясы мен Сингапурдың BCG компаниясы тартылған.

Ол мамандар қаланың даму жоспарын әзірлеп, озық даму орталығы ретіндегі мәртебесін қамтамасыз ету үшін қажетті инфрақұрылымдық қуаттарды алдын ала есептеп жатқанын атап өтті.

— Қаланың автономиясы туралы конституциялық заң қабылдануы дамуымызға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар қаланың алдағы даму бағыты үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Біздің стратегиялық артықшылығымыз — инженерлік және электр инфрақұрылымын қалыптасып қойған құрылысқа бейімдеуге тырыспай, оны алдын ала жоспарлап, салуымызда. Бұл ретте қазір әзірленіп жатқан жоспарды басшылыққа аламыз, — деді Ташмұхамбетов.

Оның сөзінше, қажетті энергетикалық қуат көлемі бірнеше даму сценарийі негізінде есептеліп жатыр.

— Біз бірнеше сценарий әзірледік. Қазір жұмыс істеп жатқанымыз — қаланы дамытудың оптимистік сценарийі. Оған сәйкес, 2040 жылға қарай қалаға шамамен 1 миллион адам келуі тиіс, — деп атап өтті Тимур Ташмұхамбетов.

Осы болжам негізінде электр энергиясын өндіру мен тарату жүйелерін, электр және жылу желілерін, сумен жабдықтау, су дайындау және тазарту нысандарын біріктіретін заманауи инфрақұрылымдық хабтар құру жоспарланып отыр.

— Қаланы дамыту кезінде энергия өндіру көздерін әртараптандыруға және озық электр инфрақұрылымын құруға да басымдық береміз. Мақсатымыз — қаланы жоспарлау кезеңінен бастап ондаған жыл бойы сенімді әрі тұрақты энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету, — деді Ташмұхамбетов.

Инфрақұрылымның техникалық шешімдерін әзірлеу және жобалау үшін Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ пен Ұлыбританияның халықаралық серіктестері тартылып жатыр.

Тимур Ташмұхамбетовтің айтуынша, команда құрамында мұнай, тау-кен және инфрақұрылым салаларындағы халықаралық жобаларда тәжірибе жинаған қазақстандық мамандар да бар.

— Қазір жергілікті қамтуға басымдық беру мәселесі пысықталып жатыр. Сатып алу жөніндегі жеке нормативтік акт әзірленіп жатыр. Онда мүмкіндігінше жергілікті өндірісті қолдауға басымдық береміз. Әңгіме Алатау қаласының қажеттіліктеріне сай жұмыс істейтін және қалада тікелей ашылатын кәсіпорындар туралы болып отыр, — деді ол.

Еске салайық, 21–22 қазанда Алматыда Powerexpo Almaty 2026 халықаралық энергетикалық көрмесі өтіп жатыр.

Бұған дейін Алатау қаласында қандай инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатқаны хабарланды.