Алатау қаласында қандай инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алатау қаласында қандай инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатқанын айтты.
— Алатау қаласының инфрақұрылымын дамыту жөніндегі Жол картасы іске асырылып жатыр. Ол 28 жобаны қамтиды. Оның ішінде 4 жоба — электрмен жабдықтау, 6 жоба — сумен жабдықтау және су бұру, 2 жоба — жылумен және газбен жабдықтау, 16 жоба — жол инфрақұрылымы саласында. Үкімет қаулыларына сәйкес оны іске асыруға 2026 жылы 35,3 млрд теңге бөлінді, — деді ол Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында.
Вице-премьер дерегінше, бір жоба бойынша құрылыс жұмыстары аяқталды. Қалған 27 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2026 жылдың соңына дейін олардың 26-сын аяқтау жоспарланған, ал электрмен жабдықтау саласындағы бір жоба 2027 жылға өтпелі саналады.
— Электрмен жабдықтау саласында Заречный, Жаңаталап және Қоянқұс шағын аудандарының электр желілерін реконструкциялау, сондай-ақ «Кокпа-1» қосалқы станциясын жаңғырту жобалары іске асырылып жатыр. Қосалқы станцияны жаңғырту жұмыстарын аяқтау мерзімі 2027 жылдың II тоқсанына жоспарланған. Сумен жабдықтау және су бұру саласында бір жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Бес жоба бойынша жұмыстар осы жылы аяқталатын болады, — деді вице-премьер.
Оның атап өтуінше, аталған жобалар қала елді мекендерін сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуды, реконструкциялауды көздейді.
— Жол инфрақұрылымы саласында 67,7 шақырым автомобиль жолдарын орташа жөндеу және 1,5 шақырым жаңа жол салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған, — деді Қанат Бозымбаев.
Айта кетейік, Алатау қаласын дамытуға бағытталған үш стратегиялық құжат 2026 жылдың соңына дейін бекітілмек.
Сонымен қатар қала мектептерінің бірінде қозғалысты және жабдықтардың жай-күйін бақылайтын жүйе сынақтан өтіп жатыр.
Ал қалаға білікті кадрларды тарту үшін жүйелі шаралар қабылданады.