Қанат Бозымбаев Алатауға білікті кадрларды тарту жоспарын айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Алатау қаласына білікті кадрларды тарту үшін жүйелі шаралар қабылданады. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың жауабында айтылған.
— «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Алатау қаласының Қоянқұс шағын ауданында 900 орындық жаңа жалпы білім беретін мектеп пайдалануға берілді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша Алатау қаласында екі фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды: 2025 жылы Еңбек шағын ауданында, 2026 жылғы сәуірде Жаңаарна шағын ауданында, — деді вице-премьер.
Оның айтуынша, Алатаудың қала мәртебесін алуына байланысты кадрларды қолдау үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша екі жылдық өтпелі кезең белгіленді. Бұл бюджет саласының қызметкерлері үшін 25 пайыздық үстемақыны сақтауға мүмкіндік береді.
— Алдағы уақытта Алатау қаласына білікті кадрларды тарту және оларды ұзақ мерзімге орнықтыру үшін өмір сүру сапасын арттыру, қалалық ортаны дамыту және қолайлы жағдайлар жасау жөнінде жүйелі шаралар қабылданады, — деді Қанат Бозымбаев.
Айта кетейік, Алатау қаласын дамытуға бағытталған үш стратегиялық құжат 2026 жылдың соңына дейін бекітілмек.
Бұған дейін Құрылтай депутаты Алатау қаласы тұрғындарының басты проблемаларын атаған еді.
Сонымен қатар қала мектептерінің бірінде қозғалысты және жабдықтардың жай-күйін бақылайтын жүйе сынақтан өтіп жатыр.