Алаяқтар онлайн кітап сатамыз деп халықты алдауға көшті

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері интернет-алаяқтардың жаңа әдісі туралы ескертті.

WhatsApp
Фото: Polisia.kz

ШҚО полиция департаментінің мәліметінше, алаяқтар Telegram мессенджеріндегі шағын қосымшалар арқылы әрекет ете бастады. Олар тегін кітаптар каталогы ретінде безендіріліп, қолданушыларды файл жүктеуге итермелейді.

- Мессенджердегі боттар кітап сервисінің жұмысына ұқсатып істелген. Әуелі пайдаланушының сұранысын қабылдап, кітаптың қысқаша сипаттамасын көрсетеді. Содан кейін мессенджер ішіндегі оқу «тұрақсыз» жұмыс істейді деген желеумен Android жүйесіне арналған файлды орнатуды ұсынады. Мұны бөлек қосымшаны жүктеу қажеттілігімен түсіндіреді, - делінген ақпаратта.

Ал қосымшаны жүктеген соң алаяқтар азаматтың телефонын басқарып, ойлағандарын іске асырады.

- Сондықтан онлайн кітап алғысы келгендер жазылым негізінде жұмыс істейтін, қосымша файлдарды орнатуды талап етпейтін кітаптарды заңды тарату сервистерін пайдалануларыңыз қажет, - делінген хабарламада.

Еске салсақ, осыған дейін Петропавл тұрғыны интернет алаяқтарға алданып, пәтерінен айырылғаны хабарланған.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум