Алаяқтар жасқа қарамайды: 11-ге толмаған алты бала және 11 қария қаржы пирамидасына ақша салған

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда қаржы пирамидаларынан зардап шеккендер саны үш есе өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Finprom.kz порталына сілтеме жасап.
None

Биыл қаңтар-сәуір аралығында елімізде «қаржы пирамидасын құру және басқару» бабы бойынша 45 қылмыстық іс тіркелді.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,3% аз.

Бұл бағыттағы қылмыстар көбіне Алматыда (7 оқиға) жасалған. Одан кейінгі орында Шығыс Қазақстан облысы (5 оқиға) мен Астана қаласы (4 оқиға) тұр.

Сондай-ақ, қаржы пирамидасымен байланысты құқық бұзушылықтар Абай, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласында да аз тіркелмеген. Әр өңірде 3 оқиғадан анықталды.

ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, биылғы 3 айда қаржы пирамидасының белгілері бар 4 мыңға жуық сайт пен аккаунт бұғатталған.

Жоғарыда көрсетілген құқық бұзушылық салдарынан қазақстандықтарға 12,2 млрд теңге залал келді. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 2,1 есе көп.

Оның ішінде 12,1 млрд теңге жеке тұлғаларға тиесілі шығын болса, 176,7 млн теңге залал заңды тұлғалардың үлесінде.

4 айда қаржы пирамидасын құрып, оны басқарған 30 адам анықталды. Өткен жылы мұндай әрекеті үшін 2 азаматқа іс қозғалған еді.

Қылмыскерлердің көпшілігі - жұмыссыздар.

Қаңтар-сәуір аралығында 382 адам қаржы пирамидасының құрбаны болды. Бұл былтырмен салыстырғанда 3,3 есе көп.

Олардың қатарында 11 жасқа толмаған 6 бала, 16-17 жас аралығындағы 3 жасөспірім бар.

Қалғаны - 18-60 жас аралығындағы қазақстандықтар.

Зардап шеккендердің 71,5% немесе 273-і - әйелдер. Сондай-ақ, биылғы 4 айда 11 зейнеткер мен 3 оқушы қаржы пирамидасына ақша салып, сан соғып қалды.


Соңғы жаңалықтар