Алаяқтардан 5,5 млрд теңге бұғатталды — ІІМ
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банктің Антифрод-орталығы қатысушыларымен өзара іс-қимыл күмәнді операцияларды барынша жедел анықтауға және ұрланған қаражаттың одан әрі кетуіне жол бермеуге мүмкіндік беріп отыр.
Бұл туралы ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
— Есептік кезеңде 212 мың инцидент қалыптасты, оның 76 мыңнан астамына ішкі істер органдары бастамашылық етті, — деді департамент басшысы.
Оның айтуынша, нәтижесінде ақша аударушылардың шоттарындағы 4 млрд теңге, ал дроптардың шоттарындағы 1,5 млрд теңге бұғатталды. Жәбірленушілерге өз еркімен 617 млн теңге қайтарылды.
Спикер құқық қорғау органдары мен қаржы секторы арасындағы жедел ақпарат алмасу өте маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, іс-қимыл жылдамдығы азаматтардың ақшасын сақтап қалуға және қайтаруға тікелей әсер етеді.
Сонымен қатар өткен және ағымдағы жылы мемлекеттік органдармен бірлесіп бірқатар заңнамалық және ұйымдастырушылық шешім іске асырылған. Атап айтқанда, онлайн-қарыздарды рәсімдеу және SIM-карталарды тіркеу кезінде тұтынушылық кредит беру талаптары күшейтілді.
— Өткен аптада Мемлекет басшысы біз әзірлеген «Еуропа Кеңесінің киберқылмысқа қарсы конвенциясын ратификациялау туралы» Заңға қол қойды. Ол конвенцияға қатысушы елдермен жедел өзара іс-қимыл жасауға және ақпарат алмасуға мүмкіндік береді, — деді Жандос Сүйінбай.
Бұдан бөлек, «БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасы әзірленіп, Құрылтайдың қарауына ұсынылды.
Департамент басшысының сөзінше, қабылданған шаралар жедел жағдайды тұрақтандырып, интернет-алаяқтықты тіркеу көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік берді.
— Әрбір келтірілген залалдың артында қаскүнемдер пайдалануға тырысатын нақты адам, отбасы және сенім бар екенін түсінеміз, — деп қорытындылады ол.
Айта кетейік, бұған дейін үш айда 1595 киберқылмыс анықталғанын жазғанбыз.