Алаяқтарға аударылған ақшаны қалай қайтарып алуға болады

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы қаласының прокуратурасы дропперлерден келтірілген залалды қалай өтеуге болатыны жөнінде нұсқаулық жариялаған. 

 Алаяқтарға аударылған ақшаны қалай қайтарып алуға болады
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Дроппер — алаяқтар ақша алу үшін пайдаланатын адам. Әдетте, банк шоттары, карточкалар арқылы аударым жасалады немесе ұрланған қаражат қолма-қол ақшаға айналады.

— Өндіріп алудың мұндай мүмкіндігі негізсіз байыту кезінде қаражат пен мүлікті қайтару міндетін көздейтін Азаматтық кодексінің 953-бабымен регламенттелген, — делінген Алматы қаласының прокуратурасы хабарламасында.

Наурызбай аудандық сотының шешімімен жәбірленушінің дропперлерден 3 миллион теңге мөлшерінде залал сомасын өндіріп алу туралы талабы қанағаттандырылды.

Талап арыз беру үшін мынадай құжаттар қажет:

  • қылмыстық істі СДТБ-не енгізу туралы баянаттың көшірмесі;
  • жәбірленушіні тану туралы қаулының көшірмесі;
  • банктен адамның шотына ақша қаражатын аудару туралы жауап;
  • шотына ақшалай қаражат түскен адамнан жауап алу (дропперлер).

— Егер сіз интернет-алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, қосымша сұрақтар бойынша прокуратура органдарына жүгінуге құқығыңыз бар. Алматы қаласының прокуратурасы азаматтарды мұқият болуға және өздерінің банктік карталарының деректері мен кіру кодтарын бөгде адамдарға бермеуге шақырады, — делінген хабарламада.

Айта кетелік былтыр «дропперлерден» 1 млрд теңге өндіріп алынған еді

Соңғы жаңалықтар