Алаяқтық бойынша мобильді операторлардың жауапкершілігін күшейту керек - адвокат

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Елімізде онлайн алаяқтардың құрбанына айналған азаматтардың саны күн сайын өсіп келеді. Бұл жайында Солтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, тәжірибелі адвокат Елена Игнатенко сұхбатында мәлімдеді.

Сколько стоит мобильная связь и интернет в разных странах мира
Коллаж: Kazinform / Freepik / Pixabay

— Онлайн-алаяқтықтың қай түрі қазіргі уақытта кең тараған?

— Бүгін ғана алаяқтардан зардап шеккен бірнеше адам хабарласты. Оның барлығы онлайн несиеге байланысты, бұл — ең кең тараған тәсіл. Алаяқ телефонмен хабарласып, кодты сұрайды. Бүгін хабарласқан әйелдің айтуынша, олар шын мәнінде сәлемдеме күтіп отырған, «Қазпоштаданмын» деп телефон шалып, келген кодты айтуды сұраған. Соның артын ала екіншісі хабарласып, «Сіз жаңа кодты айттыңыз, ол банк қосымшасының коды, қазір сіздің атыңызға несие рәсімдеп жатыр» деген. Сондықтан «біз сізге көмектесеміз» деп, қосымша екінші телефонды алуын сұраған. «Біреуімен жұмыс істейсіз, екіншісімен бізге оны көрсетіп тұрасыз. Қосымшаны ашыңыз, депозитіңіздегі 8 млн теңгені қауіпсіз екінші шотқа ауыстыру керек» деген. Әйел телефонның ар жағындағылар айтқан «сақтандыру компаниясының» реквизитіне бар ақшасын аударған. Мұнымен тоқтамай, «алаяқтар сіздің атыңызға несие рәсімдеу үшін өтініш берді, оны тоқтату үшін біз басқа несие рәсімдеуіміз керек» деген. Әйел өзі 11 млн теңгеден аса сомаға төрт несие алған. Яғни 8 млн теңге депозитінен айрылып, мойнына 11 млн теңге несиені іліп отыр.

а
Фото Елена Игнатенконың жеке архивінен

— Сізден көмек сұрайтындар көп пе?

— Күнде хабарласады. Сот арқылы мұндай жағдайларда көмектесу қиын. Зардап шеккен азаматтар ғана емес, заңды тұлғалар да ұрланған қаражатты қайтару немесе заңсыз несиені жою үшін жүгінеді. Бірақ сот олардың өтінішін қабылдамайды. Ресми мәліметтерге сүйенер болсам, былтыр тіркелген онлайн алаяқтық бойынша 21 млрд теңге, ал биылғы үш айда 3 млрд теңге шығын келген.

— Қазір қандай тәсілдерден көбіне зардап шегеді?

— 2019-2021 жылдары көбіне «бұзақылық» тәсілдер қолданылды, Мысалы, биометрия, адамды алдау арқылы фотоға түсіріп, шағын несие ұйымдарынан оның атына несие алды. 2023 жылы алыстан басқару бағдарламалары қолданыла бастады. Алаяқтар мұны Ұлттық банктің қолдау көрсету бағдарламасы деп оны телефонға орнатқызып, сол арқылы телефонды қашықтан басқарып, зардап шегушінің телефоны арқылы ойларына келгенін істеді, яғни, оның атына несие алды, депозиттегі ақшасын өздеріне аударды, виртуалды карта жасап, есепшотына қосылды.

2024-2025 жылдары алаяқтар адамдарды алдау арқылы әрекет ете бастады. Қазіргі қолданатын тәсілдері негізінен әлеуметтік инженерияға — манипуляцияға негізделген. Зардап шегуші өз қаражатын қорғап жатырмын деп, керісінше оны қылмыскерлер берген есепшотқа аударады.

Қазір тіпті адамдардан жалғыз баспанасын тартып алып жатқан алаяқтар бар. Мұндай фактілер бізде Петропавлда да бар. Менің білетінім — осындай үш дерек тіркелді. Алаяқтар мүлікті «сақтап қалу» үшін адамды «жалған» мәміле жасауға көндіреді. Ал ақшаны, мысалы ҰҚК қызметкеріне немесе сақтандыру агентіне уақытша беруі тиіс. Салдарынан адам далада қалады.

Алаяқ зейнеткерді алдады
Фото: Polisia.kz

— Егер адам атына несие рәсімделгенін білсе не істеуі керек?

— Ең алдымен полицияға барып, алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалуын сұрап арыз жазу керек. Зардап шегуші екеніңізді растайтын қаулыны аласыз, ол жерде қай банкте, қандай сомаға, қандай несиелік келісім бойынша сізге несие рәсімделгені жазылуы керек.

Бұдан кейін банкке барып, ҚР банктер және банк қызметі туралы заңының 34 бабы 15 тармағын негізге ала отырып, алаяқтық құрбаны болуына байланысты несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі мен тұрақсыздық айыбын тоқтатуды және өндіріп алу мен талап-арыз жұмысын жүргізбеуді сұрау керек. Бұл өтінішке полициядан алған қаулыны қосып беру қажет. Бұдан кейін банк несие бойынша өндіріп алуды тоқтатуы тиіс. Банк заңның бұл нормасын бұзған жағдайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдану керек.

Бұдан кейін несие рәсімделуге негіз болған құжаттарды алу керек. Несиелік шарт, төлем кестесі, дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім — мұның барлығын банк қосымшасынан немесе банк бөлімшесінен алуға болады. Егер банк бұл құжаттарды беруден бас тартса, онда тағы да агенттікке шағымданып, сіздің атыңызға алаяқтық жолмен несиенің рәсімделуіне байланысты банкке тексеріс ұйымдастыруды сұрау қажет.

Бұдан бөлек қылмыстық қудалау органдарына банк қызметкерлері мен ұялы байланыс операторларының кінәсін анықтауды сұрап өтініш беру керек. Ұялы байланыс операторы тарапынан заң бұзу анықталған жағдайда бұл оған қатысты кемінде әкімшілік іс қозғауға негіз болады. Шығынды осы ұялы байланыс операторларынан өндірген жағдайлар бар.

Полиция сіздің зардап шегуші екеніңізді растайтын қаулыны әлі бермесе де, банкке телефон арқылы да хабарласып, банктік жүйеде ұрланған қаражатты одан әрі аударуға тыйым салғызу керек. Өйткені әр банкте антифрод жүйе болуы тиіс. Ол күдік тудырған операцияларды, банк карталарын анықтап, бұғаттайды. Нәтижесінде ақша есепшоттан алынбаса, оны қайтару мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ ақшаны дропперлерден қайтаруға кеңес бермеймін. Өйткені олар — көбіне студенттер немесе жұмыссыз жүргендер. Сондықтан сот шешім шығарғанымен, олардан қайтарып алу екіталай.

— Алаяқтық туралы істерді тергеуде қандай қиындықтар бар?

— Өкінішке қарай, мұнымен менің әріптестерім де келіседі деп ойлаймын, полиция мұндай істердің шешімі жоқ деп жүрдім-бардым қарайды. Көп жағдайда тек банктен құжаттарды сұратумен шектеледі. Сондықтан зардап шегушілерден шағымдар түсіп тұрады. Мұндайда прокуратураға арыздануға кеңес беремін.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Алаяқтардың арбауына түспеу үшін нені есте ұстау керек?

— Жеке мәліметтер тиісті деңгейде қорғалуға тиіс. Алаяқтар хабарласқан кезде аты-жөніңізді, қай банктің қызметіне жүгінетініңізді, отбасыңыз туралы біледі. Сондықтан дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім бермес бұрын оның қандай мақсатқа қажеттігін білу маңызды. Мысалы Халыққа қызмет көрсету орталығына баспананы рәсімдеуге барғанда қол қоя салмай, қандай мақсатта бұл келісімді бергеніңізді жазыңыз. Кей банктердің мұндай келісімінде дербес мәліметтердің үшінші тұлғаларға берілетіндігі жазылған.

«Белгісіз нөмірден қоңырау шалса — алма» деу дұрыс емес. Онда ұялы байланыс бізге не үшін керек? Мысалы маған клиент хабарласуы керек. Қазір банктер дауыстық биометрияны қолданып жатыр. Сондықтан Сізге бейтаныс адам телефон шалса, «ия» деп жауап бермеңіз. Кейін осы жауабыңызды қолданып, атыңызға несие рәсімдеуі мүмкін.

Ал қалғандары, мысалы, белгісіз сілтемеге өтпеу, ол фишингтік бағдарлама болуы мүмкін немесе әлеуметтік желі арқылы дербес мәліметтерді бермеу — көпшілікке таныс деп ойлаймын. Қолданбайтын банк карталары болса оны жауып, кредиттік тарихты жиі тексерген жөн.

Жалпы мен ұялы байланыс операторларының жауапкершілігін күшейтетін уақыт келді деп ойлаймын. Алаяқтардың телефон шалуы, түрлі жарнама, оның ішінде 0 пайызбен несие алу үшін сілтемеге өт деген қауіпті жарнамалар келеді. Сіз алаяқтың хабарласқанына сенімді болсаңыз, ұялы байланыс операторы арқылы оның кімге тіркелгенін сұрай аласыз. Сондай-ақ оларда да өздерінің антифрод орталығы болуы тиіс.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов онлайн алаяқтық мәселесін көтерген еді. 

Соңғы жаңалықтар