Алаяқтық сипаттағы жарнама: Қазақстанда Canva сервисін бұғаттау себебі анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан аумағында Canva сервисін уақытша бұғаттаудың себебі анықталды.

«Ішкі істер министрлігі интернет желісінде алаяқтық фактілерін анықтау және олардың жолын кесу бойынша жұмысты жалғастыруда. Мониторинг нәтижесінде аталған сервисте алаяқтық сипаттағы жарнама анықталды. Уәкілетті органға осындай фактіні жойғанға дейін сервис жұмысын ел аумағында тоқтата тұру бойынша материалдар жолданды», - делінген Ішкі істер министрлігінің агенттік жолдаған сауал жауабында.
Бұған дейін Қазақстанда Canva сервисі уақытша бұғатталғаны туралы хабарлаған едік.
«Canva сервисінің қызметіне Ішкі істер министрлігінің нұсқауы бойынша тыйым салынды. Тексеруден кейін заң бұзушылықтар жойылды. Жақын арада бұғаттан шығарылады», - деп мәлімдеген еді Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Өз кезегінде Canva сервисі желідегі ресми парақшасында қолайсыздық үшін кешірім сұраған жазба жариялады.