Алаяқтықпен 6 адамның 63 млн теңгесін жымқырған күдікті Ресейде ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Ресейден аса ірі мөлшерде бірнеше мәрте алаяқтық жасады деген күдікті тағы бір азамат экстрадицияланды. Бұл туралы Қазақстан Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Ол 2022–2023 жылдары Ақтау қаласында кәсіпкерлікке инвестиция саламын деп таныстарынан ірі көлемде ақша қаражатын алып, жоғары пайда уәде еткен. Алайда уәделерін орындамай, алынған қаражатты өз қажетіне жаратқан. Күдіктінің қылмыстық әрекеттерінің салдарынан 6 қазақстандық азаматқа жалпы сомасы 63 миллион теңгеден астам залал келген.
Қылмыс жасағаннан кейін ол жасырынып, сол себепті оған халықаралық іздеу жарияланған. Өткен жылдың қарашасында күдікті Екатеринбург қаласында ұсталып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды. Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері Қазақстанға алаяқтық үшін Ресейден 5 адам, Германия, Польша, Сербия, Сауд Арабиясы, Қырғыз Республикасы және Беларусьтен 1 адамнан, барлығы 11 адам экстрадицияланған.