Алаяқтықпен күрес: антифрод орталығының жұмыс ережелері әзірленді

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төлем операцияларындағы алаяқтық белгілері бар транзакциялар бойынша деректер алмасу, яғни антифрод-орталықтың қызметін реттейтін ережелер жобасын әзірледі.

Как казахстанцам защитить себя от цифровых мошенников
Фото: Canva

Жобаға сәйкес, антифрод-орталығы қаржы және төлем ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасайды. Алаяқтық белгілері бар транзакциялар туралы ақпарат түскен жағдайда, орталық операцияларды уақытша тоқтата алады немесе оларды орындаудан бас тартады. Сондай-ақ жобада әрекеттердің тәртібі мен мерзімі нақты көрсетілген.

Алаяқтықпен күрес тиімділігін арттыру және орталықтың функционалын кеңейту мақсатында жоба келесі шараларды көздейді:

- антифрод-орталығының дерекқорына енгізілген клиенттер үшін кейбір қаржылық және төлем қызметіне қолжетімділікті шектеу, сондай-ақ осы қызметті алу үшін өтініш беру тәртібін айқындау;

- заңсыз транзакцияларды анықтау және бұғаттау мақсатында қылмыстық қудалау органдары, ұлттық қауіпсіздік органдары және өзге де ведомстволармен өзара іс-қимылды жолға қою;

- транзакция алаяқтық деп танылып, қылмыстық қудалау органы берген және прокурор санкциялаған хабарлама шеңберінде, клиентке қаражатты қайтару механизмін енгізу.

Ұлттық банктің мәліметінше, антифрод-орталықтың құрылуы қаржы нарығындағы алаяқтық операциялардың санын азайтуға бағытталған. Сонымен қатар аталған орталық арнайы органдарға заңсыз қаржылық әрекеттерді анықтауға және тоқтатуға жәрдемдеседі.

- Антифрод - орталықтың іске қосылуы елдің банк жүйесінде күмәнді транзакциялар саны мен тәуекелін азайтады деп күтіледі,- делінген бұйрық жобасында.

Еске салайық, былтыр тамызда Ұлттық банк алаяқтыққа тән транзакциялар туралы дерек алмасатын антифрод-орталықты іске қосты.

Биыл мамырда белгілі болғандай Ұлттық банк антифрод-орталық арқылы 2,2 млрд теңгенің алаяқтық әрекетін бұғаттаған.

 

Соңғы жаңалықтар