Алаяқтықпен күрес: Байланыс операторларына жаңа талаптар енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан телекоммуникация саласында өңірлік көшбасшы позициясын нығайтып келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

— Алаяқтыққа қарсы күресті күшейту мақсатында министрлік байланыс операторларына жаңа талаптарды енгізді. Атап айтсам, абоненттерді анықтау үшін биометриялық сәйкестендіру жүйесі іске қосылып жатыр. Фрод немесе алаяқтық рұқсат етілмеген байланыс трафигіне теңестірілді. Байланыс операторларының және Ұлттық банктің антифрод жүйелері арасындағы өзара әрекет ету тәртібі бекітілді. GSM-шлюздерді, яғни симбокстарды елге әкелу және тіркеу ережелері қабылданды. Бір абоненттің атына тіркелетін телефон нөмірлерінің саны шектелді, — деді Жаслан Мәдиев.
Оның айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде 2024 жылдың басынан бастап 30 миллионнан астам күдікті телефон қоңырауы бұғатталды.
— Осылайша, Қазақстан телекоммуникация саласында өңірлік көшбасшы позициясын нығайтып келеді. Іске асып жатқан жобалар бүкіл халық үшін сапалы интернет пен цифрлық қызметтерді қолжетімді етіп қана қоймай, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттырып, цифрлық экономиканың тұрақты дамуына негіз қалайды, — деді министр.
Бұған дейін хабарланғандай, 2027 жылдың соңына дейін халықтың 100 пайызы интернетпен қамтылады.