Албанияда парламенттік сайлау аяқталды

АСТАНА. KAZINFORM – Жексенбі күні албандықтар елдің Еуропалық Одаққа кіру жөніндегі амбициясына байланысты күрделі сайлауалды науқанынан соң парламент сайлауында дауыс берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Албанияда 3,7 млн-нан астам сайлаушы жаңа парламент құрамын анықтайды
Фото: Анадолы

Сайлау учаскелері жексенбі күні жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 19.00-де жабылды және 140 заң шығарушы төрт жылдық мерзімге таңдалатын сайлауда дауыстарды санау 48 сағат ішінде аяқталады деп күтіліп отыр.

Жаппай эмиграцияға байланысты 2,8 млн халқы бар елде дауыс беру құқығына ие небәрі 3,7 млн-ға жуық сайлаушы бар.

Алғаш рет шетелдегі албан диаспорасы құрамындағы азаматтар бюллетеньдерін поштамен жіберу арқылы дауыс берді. Бұл жолы олардың саны шамамен 191 мың болды.

Қазіргі премьер-министр Эди Раманың Социалистік партиясы консервативті қарсыластармен күресе жүріп, амбициялық уәдесін орындай отырып, ЕО мүшелігін бес жыл ішінде қамтамасыз ете алатынын мәлімдеді.

Шетелдегі сайлаушылар үшін дауыс беру мүмкіндігінің ашылуы жаңа партиялардың пайда болуы, үгіт-насихат жұмыстарының әлеуметтік желілерге ауысуы және Албанияның жақында «TikTok» желісіне тыйым салуымен бірге процестің тұрақсыздығын күшейтті.

Дауыс беру бүкіл ел бойынша кандидаттар мен жақтастар арасындағы бірнеше қақтығысты қоспағанда, негізінен бейбіт түрде өтті. Билік сайлаушылардың алдын ала қатысуын 41,4% деп бағалады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 4% төмен.

- Негізінен, бірнеше жағдайды қоспағанда, процесс ережелер мен стандарттарға сәйкес келді, - деп мәлімдеді Орталық сайлау комиссиясының басшысы Илирджан Челибаши.

Өткен жылдың қазан айында ЕО-ға мүшелік келіссөзін бастаған 60 жастағы Эди Рама сайлауалды науқанында инфрақұрылым мен әділет реформасы бойынша жетістіктерін атап өтті.

ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы комиссары Кая Каллас Албанияны елдің ЕО-ға мүшелігіне жол салу үшін әсіресе мемлекеттік басқару және сыбайлас жемқорлықпен күрес салаларындағы реформаларды жалғастыруға шақырды.

Эди Раманың басты бәсекелесі – бұрынғы президент және премьер-министр, 80 жастағы Сали Бериша Албания әлі де ЕО мүшелігіне дайын емес деп санайды. Ол науқанды АҚШ президенті Дональд Трамптың «Албанияны қайтадан ұлы етеміз» деген ұранымен бастады, бірақ соңында «Ұлы Албанияға» тоқтады.

Осыған дейін Албанияда 3,7 млн-нан астам сайлаушы жаңа парламент құрамын анықтайтыны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар