Албаниядағы тәртіпсіздіктер жеті күн бойы толастамай тұр
АСТАНА. KAZINFORM — Албания астанасы Тиранада наразылық білдірушілер мен полиция арасындағы қақтығыстардың жүріп жатқанына жеті күн болды.
Ресми мәліметтерге сәйкес, дүйсенбі күнгі қақтығыстарға дейін 295 адам жарақат алған, соның 186-сы құқық қорғау органдарының қызметшілері. Наразылық білдірушілер полицияға тас пен Молотов коктейльдерін лақтырып, пиротехникалық құралдарды да қолданып жатыр, үкімет ғимараттары мен полиция бөлімшелеріне шабуыл тоқтамай тұр. Қауіпсіздік күштері су шашатын машиналармен, көзден жас ағызатын газбен және резеңке оқтармен жауап қайтарып жүр.
Бүгін премьер-министр Эди Рама Білім министрлігіне барып, жергілікті орта мектептердің директорларымен кездесті.
Кездесу барысында Эди Рама министрлікке шабуыл жасалғанын және кейбір наразылық білдірушілер полиция қызметкерлеріне тас лақтырып, зорлық-зомбылыққа барғанын атап өтті.
Үкіметті 2013 жылдан бері басқарып отырған Эди Рама қызметінен кету туралы талаптарды тағы да қабылдамады. Полиция басшылығымен кездесуде ол қауіпсіздік күштеріне лақтырылған тасты көрсетіп, «Мемлекет мынамен келіссөз жүргізе бастаған сәтте мемлекет құлайды» деп мәлімдеді. Премьер-министр бұл оқиғаларды «жақсы үйлестірілген шабуыл» деп атады.
Қазіргі наразылық толқыны университеттердегі жағдайларға, жоғары оқу ақысына және сыбайлас жемқорлыққа қарсы студенттердің наразылық акциялары ретінде басталып, кейін жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты.