Әлібек Қуантыров БҰҰ Бас хатшысының орынбасарымен кездесті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы пластик, Каспий теңізі және климаттық күн тәртібі мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.

Каспий
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Анталья қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптары конференциясының 31-сессиясы (COP31) аясында Қазақстан Экология және табиғи ресурстар министрі Ә.Қуантыровтың Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) Атқарушы директоры И.Андерсенмен кездесуі өтті.

Андерс
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ЮНЕП арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын, сондай-ақ өзекті экологиялық және климаттық мәселелерді шешу жолындағы әріптестікті одан әрі нығайту перспективаларын талқылады.

Пластикпен ластануға қарсы күрес жөніндегі жаһандық келісімді әзірлеуге бағытталған халықаралық келіссөздер процесіне ерекше назар аударылды. Тараптар Үкіметаралық келіссөздер комитетінің жұмысы барысы туралы пікір алмасып, тиімді халықаралық шешімдерді әзірлеу үшін сындарлы диалогты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Талқылаудың жеке бағыты Каспий теңізінің экожүйесін сақтау мәселелері бойынша ынтымақтастыққа арналды. Министр бірлескен жұмысты жандандыру, мүдделі мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру, сондай-ақ теңіз ортасын қорғау және Каспий өңірінің биоалуантүрлілігін сақтау мәселелері бойынша практикалық өзара іс-қимылды дамыту қажеттігін атап өтті.

Тараптар метан шығарындыларын қысқарту мәселелерін де талқылады. Қазақстан метан шығарындыларын азайту жөніндегі шараларды іске асыру тәжірибесімен бөлісіп, осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың және озық тәжірибелермен алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстанның ЮНЕП-пен, оның ішінде Жаһандық экологиялық қор (ЖЭҚ) жобалары аясындағы өзара іс-қимылын одан әрі нығайтудың маңызы аталып өтті. Тараптар мақұлданған жобаларды уақытылы әрі тиімді іске асыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ жаңа бірлескен бастамаларды ілгерілету қажеттігін атап өтті.

 Қазақстан пластикпен ластануға қарсы күрес жөніндегі жаһандық келісімді әзірлеуге арналған бейресми кездесуге қатысқанын жазған едік.