Алдағы бес жылда Ертіс-Баян өңіріне елу мыңға жуық техникалық маман қажет болады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Алдағы жылдары облыста арнайы техниканың жүргізушілері, дәнекерлеушілер, құрылыс пен техникалық бағыттағы мамандарға сұраныс артады деген болжам бар.

слесарь
Фото: gov.kz

Павлодар облысында 2029 жылға дейін кадрларға сұраныс 63,4 мың адамға бағаланып отыр.

- Олардың 75%-дан астамы, яғни шамамен 48,4 мың адам кәсіби-техникалық білім алған мамандар болады. Бұл, ең алдымен, арнайы техниканың жүргізушілері, дәнекерлеушілер, құрылыс мамандары мен жұмысшылар, техникалық бағыттағы мамандар. Алдағы 3 жыл ішінде жұмыс күшіне сұраныс жыл сайын 10-11%-ға өседі деп күтіліп отыр, - дейді өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова.

Қазір облыста жаңа жұмыс орындарын құруға ерекше назар аударылып отыр. Жыл басынан мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар аясында 4 156 жұмыс орны құрылған. Тұрақты жұмыс орындарының ең көп саны білім беру (10,7%), ауыл шаруашылығы (9%), денсаулық сақтау (8%) және өнеркәсіп (7%) салаларында. Жалпы жергілікті жұмыспен қамту органдары биыл 26,7 мың адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде 18,3 мың адам тұрақты жұмыс орындарына, 8,4 мың адам уақытша жұмыс орындарына орналасады.

- Бұл шаралардың қабылдануы аймақ халқының табысын арттыруға, кәсіпкерлік белсенділікті жандандыруға және әлеуметтік әл-ауқатты жақсартуға мүмкіндік береді, - дейді А.Дисюпова.

Еске сала кетейік, елімізде 19 кәсіпорын 1,2 мыңнан аса жұмыскеріне жалақы төлемеген.

 

Соңғы жаңалықтар