Алдағы екі жылда 200 тірек мектеп желісі құрылады - Тамара Дүйсенова

АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы екі жылда 200 тірек мектеп желісі құрылады. Бұл туралы WALS 2024 халықаралық конференциясының ашылу рәсімінде Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты. 

Тамара Дуйсенова
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Бірнеше жыл бойы Назарбаев зияткерлік мектептері мен Білім-инновация лицейлері сияқты жетекші мектептеріміздің тәжірибесін тарату арқылы еліміздің ауылды аймақтарында тірек мектептер құру жобасы іске асырылып жатыр. Алдағы 2 жылда аталған жоба есебінен 200 тірек мектеп желісін құру жоспарлануда. Бұл мектептер алдағы уақытта алған тәжірибесін еліміздегі басқа да ауыл мектептеріне таратады. Осыған байланысты „Сабақты зерттеу“ тәсілінің ауқымын кеңейту біз үшін өзекті міндет әрі білім беру сапасын жүйелі арттырудың негізгі шарты болып отыр. Қазірдің өзінде бұл тәсіл — еліміздегі мұғалімдердің біліктілігін арттыру білім бағдарламасына енгізілген бөлімдердің бірі. Бұл Қазақстан мектептерінде „Сабақты зерттеу“ практикасының кеңінен таралуына және мұны педагогтердің тереңірек тануына ықпал етеді», — деді Тамара Дүйсенова.

Вице-премьер Қазақстан мектептерінде Lesson Study тәсілі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Педагогикалық шеберлік орталығының белсенді қызметінің нәтижесінде сәтті қолданыс тапқанын айтады.

«Орталық 10 жылдан астам уақыт бойы еліміздегі педагогтер арасында Lesson Study тәсілін белсенді түрде насихаттап келеді. Бүгінгі халықаралық конференцияға Қазақстаннан 500-ге жуық мұғалім қатысып, оның 280-і конференция аясында іріктеуден сәтті өткен зерттеу абстрактілерін ұсынады. Бұл біздің педагогтердің „Сабақты зерттеу“ тәсілін табысты енгізуінің айқын дәлелі деп санаймын. Сонымен қатар Педагогикалық шеберлік орталығы Әзербайжан, Қырғызстан, Малави, Түрікменстан, Тәжікстан, Ресей Федерациясының педагогтері арасында „Сабақты зерттеу“ идеяларын ілгерілету жөнінде үлкен жұмысты бастады. Бұл тізімге жақын арада өзге де елдер қосылады деп үміттенеміз», — деді Үкімет басшысыны орынбасары.

Айта кетейік, «Сабақты зерттеу: үздік оқу мен оқытуға ұмтылу» тақырыбымен өтіп жатқан WALS-2024 конференциясына 30-ға жуық елден мамандар келген.

Негізгі спикерлер қатарында әлемдік білім берудің ең беделді сарапшылары: Норвегиядан Ойстейн Кристиансен, Литвадан Дариус Радкевичюс, Ұлыбританиядан Сара Селезнев, Жапониядан Ширли Тан, Германиядан Клара Кагер бар. 

Жалпы, іс-шараға 850-ден астам адам қатысуда.

Соңғы жаңалықтар