Алдағы уақытта Алматыға облыстан жаңа аумақ қосыла ма

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы қаласының шекарасы кеңеюі мүмкін бе? Бұл сұрақтың жауабын Kazinform тілшісі тауып көрді. 

Алдағы уақытта Алматыға облыстан жаңа аумақ қосыла ма
Фото: Kazinform

Алматы қаласының бүгінгі аумағы — 683,5 км². Мегаполис соңғы 15 жылда екі есе үлкейген. 2011 жылы Президент жарлығымен Алматы облысының Іле, Қарасай, Талғар аудандарынан 1 330,25 гектар жер қалаға қосылды. 

2012 жылы Қарасай және Талғар аудандарынан мегаполиске 11 920,93 гектар аумақ берілді.  

Соңғы рет Алматы қаласының аумағы 2014 жылы өзгерді. Қалада жаңа Наурызбай ауданы құрылды. Оған Алматының Әуезов, Бостандық аудандарының және облыстан Қарасай ауданының бір бөлігі біріктірілді.

10 жылдан астам уақытта Алматы территориясы айтарлықтай өзгерген жоқ. Kazinform агенттігі Алматы қаласының және Алматы облысының жауапты басқармаларына қала шекарасының ұлғаюы туралы сауал жолдады.

Алматы
Фото: Kazinform

Алматы қаласы жоспарлау және урбанистика басқармасының жауабына сәйкес, 2040 жылға дейінгі Алматы қаласының бас жоспарында облыстан жаңа аумақты қосу қарастырылмаған.
Алматы облысының Жер қатынастары басқармасы да мұндай жоспар жоқ екенін растады.

— Алматы қаласына алдағы жылдары Алматы облысынан жаңа аумақты қосу жоспарда жоқ. Бүгінгі күнге дейін Алматыға жақын ауылдардың тұрғындарынан қалаға қосылу туралы өтініш пен ұсыныстар түскен жоқ, - делінген басқарма жауабында.

Думан Алиаскаров
Фото: Думан Алиаскаровтың жеке мұрағатынан

PhD, қалалар географиясын зерттеуші маман Думан Алиаскаров мегаполис территориясының өзгеруі адамдар мен өңірге қалай әсер етуі мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, қала аумағын облыс есебінен кеңету арқылы адамның өмір сапасын жақсарту не адами капиталды дамыту, қалалық стандарттарға сәйкес келетін жағдаймен қамтамасыз ету мүмкін емес.

— Алматы тарихында қала шекарасы бірнеше рет өзгерді. Солай Наурызбай ауданы пайда болды. Басқа да аудандарға іргелес жатқан ауылдар қосылды. Бірақ содан бері 10 жылдан астам уақыт өтсе де, қосылған аумақтарда адамдардың өмір сүру сапасы не инфрақұрылымы әлі де қалалық стандарттарға сай келмейді. Әсіресе, жол, инфрақұрылым, мектеп мәселелеріне қатысты, - деді ол.

Алматы
Фото: Kazinform

Маман мегаполиске жақын жатқан ауылдар оның құрамына қосылуы үшін алдымен инфрақұрылымын дамытуы қажет екенін атап өтті. Айтуынша, жаңа аумақтарды қосу мәселесін көтергеннен гөрі метро, LRT сынды жылдам қоғамдық көліктерді дамыту керек.

Бұл пікірге қалалық ортаны зерттеуші, урбанист Алеся Нугаева да қосылады.

— Қала екі жолмен өседі. Бірі — қала дамуына қарай, ондағы жағдайға тұрғындардың қызығушылық танытып, қалаға көшіп келуіне және туылу деңгейіне қарай табиғи жолмен өседі. Екіншісі, іргелес жатқан аумақты қалаға біріктіру арқылы жүзеге асады. Соңғы 10 жыл ішінде Алматы шекарасын кеңету арқылы жаңа аудан пайда болды. Мұндай өзгерістің қаупі қандай десек, одан инженерлік желілерге, инфрақұрылымға, көлік жүйесіне түсетін салмақ артады. Экологиялық мәселелер туындайды. Сонымен қатар бұрын ауыл ережелерімен тұрған азаматтар қала тәртібіне бейімделуі қажет болады. Бұл процесс әрдайым жеңіл өте бермейді, - деді урбанист.

Алеся Нугаева
Фото: Алеся Нугаеваның жеке мұрағатынан

Алеся Нугаеваның айтуынша, мәдени-әлеуметтік нысандарда жаңа қосылған аумақта бірден пайда болмайды. Әдетте жаңа аумақ қосылып, сосын қажетті нысандар салынады. Сондықтан маман қаланы полиорталық (қалада бірнеше орталық болуы) бағытында дамытуды, ал облыс аумағында жаңа орталықтар құруды ұсынады.

— Қаланың өсуі туралы айтылғанда агломерация термині жиі қолданылады. Бұл бір ірі қаланың төңірегінде онымен әртүрлі салалар бойынша тығыз байланысқан елді мекендердің жүйесі. Қарқынды дамып келе жатқан қалаларда агломерация мәселесінің бір шешімі шағын орталықтарды дамыту. Мысалы, жаңа қала құрылатын болса, онда адамдарды қызықтыратын мүмкіндіктер: ойын-сауық орталықтары, білім беретін мекемелер, әртүрлі бірлестіктерге арналған нысандар болуы маңызды. Сонда адамдардың ірі қалаға ұмтылуы тоқтамаса да, біршама тежеледі, - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысындағы Есік қаласының шекарасы екі есе ұлғайғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар