Алдағы уақытта қазақ тілінде ән жазғым келеді – Мұстафа Өзтүріктің қызы
АСТАНА. KAZINFORM – 14-16 тамыз күндері елордада таеквондодан G-1 санатындағы Kazakhstan Open халықаралық турнирі өтеді. Осы додаға құрметті қонақ ретінде таеквондодан 6 дүркін әлем чемпионы, 6-дан иегері, Қазақстанда таеквондо федерациясының негізін қалаған Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік шақырылған болатын. Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы осы сәтті пайдаланып даңқты тұлғаның қызымен әңгімелесті.

Неслихан Өзтүрік қазір отбасымен Германияның Мюнхен қаласында тұрады. Әкесі Мұстафа Өзтүрікке қатысты көптеген естелік те сол шаһармен байланысты екен.
– Біз отбасымызда 3 бала болдық, ағам, мен және сіңілім. Үшеуміз де Германияның Мюнхен қаласында туып-өстік, қазір сол жақта тұрып жатырмыз. Әкеміз біз үшін өте жылы адам болды. Көп сүйетін, қатты жақсы көретін. Балалар ойнайтын алаңға жиі апаратын. Ол кісі өмірде көп әзілдесетін, жанындағыларды ылғи күлдіріп жүретін, – деп бастады әңгімесін Неслихан Өзтүрік.
Оның айтуынша, Мұстафа Өзтүрік өз балаларына да таеквондо бойынша сабақ берген. Спорттық дайындыққа келгенде даңқты тұлға балаларын өзгелерден ерекшелемей, тым қатал талап қойған.
– Мектептегі сабағымыздан шыққан соң әкеміз таеквондо мектебіне алып кететін. Ол жерде өзі дәріс оқитын, шәкірттерге таеквондоның тәсілдерін үйрететін. Бізді де таеквондаға машықтандырды. Дайындықтағы жекпе-жектерде «былай жаппайсың, осылай етесің» деп қатты ұрысатын. Яғни, жаттығуда өте қатал болды.
Шәкірттерін көрсетіп, «олар дұрыс істеп жатыр, сен де дұрыс істейсің! Қыз болғаның маңызды емес, мінезің қатты қыз болып өсуің керек» деп айтатын. Бірақ бір тәсілді дұрыс жасасақ бірден келіп бетімізден сүйетін. Осылайша жанымызға жақын екенін білдіретін, – дейді.
Неслихан Өзтүрік әңгімеде Қазақстанға қатысты естеліктерін де ашып айтты. Астанаға бірінші рет келіп тұрған ол өзін атажұртпен байланыстыратын жайттар барын жеткізді.
– Мен бала кезімде Қазақстанға келмеген секілдімін. 2014 жылы әкемнің 60 жылдығына орай Алматыда қонақ болдым. Әкемнің ескерткіші ашылған болатын. Міне, араға 11 жыл салып атажұртқа екінші рет, ал Астанаға бірінші рет келіп тұрмын.
Біраз уақыт бұрын үйден бір фотосурет тауып алғаным есімде. Суретте апам, нағашы апам, ағам, әкем мен анам бар екен. Сол кезде анамнан «мен мына кезде қайдамын?» деп сұрағанымда «жанымызда, үйде болдың» деп айтты. «Бұл қай жер?» дегенімде Қазақстанның бір өңірін атаған, бірақ Астана немесе Алматы емес екенін анық білемін. Анам «ұшақпен Қазақстанның көп жеріне бардық» деп айтты. Кішкентай бала кезімдегі ол сәттер есімде сақталмаған екен, – деді Мұстафа Өзтүріктің қызы.
Бұған қоса Неслихан Өзтүрік кәсіби түрде әншілікпен айналысады. Көбіне ағылшын және неміс тілдерінде ән шырқайды. Әлеуметтік желілерде де белсенді. Енді алдағы мақсаты – қазақ тілінде ән жазу.
– Кәсіби түрде әншілікпен айналысамын. Қазақ тілінде ән айтуды қалаймын. Дегенмен әуелі қазақ тілін толық үйренгім келеді, жазу мен оқуды меңгеруім қажет. Содан соң қазақша әндер жаза аламын деп ойлаймын. Қазір қазақша сөйлеймін, дегенмен деңгейім аса жақсы емес. Менің Қазақстанға келіп, қазақ тілінде сұхбат беруім тіл үйренуіме үлкен тәжірибе болады деп сенемін, – деп түйіндеді әңгімесін Неслихан Өзтүрік.