Алдағы үш күнде оңтүстік-шығыс өңірде күн +38 °C-ге дейін көтеріледі
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМҚ 30 маусым — 2 шілдеге арналған ауа райы болжамын жариялады.
— 30 маусым — 2 шілдеге арналған Қазақстан бойынша ауа райы болжамы
Алдағы күндері белсенді циклон мен оған байланысты атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ жаууы, желдің екпінді күшеюі күтіледі. Республика бойынша қатты жаңбыр болжанады, — делінген хабарламада.
Күндізгі ауа температурасы батыс және солтүстік-батыс өңірлерде +18…+28 °C-қа дейін төмендейді, солтүстік өңірлерде +22…+30 °C болады. Оңтүстікте аптап ыстықтың аздап бәсеңдеуі күтіліп, ауа температурасы +23…+35 °C аралығында болады.
Ал Қазақстанның шығысында, солтүстік-шығысында және оңтүстік-шығысында ыстық ауа райы әлі де сақталады. Бұл өңірлерде күндіз ауа температурасы +30…+38 °C-қа дейін көтеріледі.
Ал бүгін еліміздің үш ірі қаласында ауа райы құбылмалы болады. Астанада қатты жаңбыр, бұршақ пен дауылды болжанды. Ал Алматы мен Шымкентте қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай күтіледі, сонымен қатар күндіз ауа температурасы +36 градусқа дейін көтеріледі.