Алдағы үш жылда Ұлттық қор активтері 90 млрд АҚШ долларынан асуы мүмкін

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024 - 2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңы қабылданды, деп хабарлайды Kazinform. 

Алдағы үш жылда Ұлттық қор автивтері 90 млрд АҚШ долларынан асуы мүмкін
Фото: qazdauiri.kz

«Заң жобасының ережелері Ұлттық қордың жинақ функциясын қамтамасыз ету жөніндегі Бюджет кодексінің талаптарын ескере отырып айқындалған. Бұл ретте Үкімет кепілдендірілген трансферттің мөлшерін екінші жыл бюджеттік қағидаларды қолдана отырып анықтады. Бұл қағидалар Ұлттық қор қаражатының сақталуын қамтамасыз етуге және оның валюталық активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуге ықпал етеді. Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2024 жылы барреліне 43,4 АҚШ доллары, 2025-2026 жылдары барреліне 40,2 - 41,8 АҚШ доллары деңгейінде белгіленген. Осыны ескере отырып, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңгеден 2024-2026 жылдары жыл сайын 2 трлн теңгеге дейін төмендеумен айқындалды», - деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Оның айтуынша, жоспарлы кезеңде Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы 68 млрд АҚШ долларына дейін қалпына келтіріліп, одан әрі 2025-2026 жылдары 80,7 – 93,3 млрд АҚШ долларына дейін өседі деп ескерілген.

«Жалпы, Ұлттық қорды орта және ұзақ мерзімді перспективада қалыптастыру және пайдалану саясаты Ұлттық қордың қаражатын болашақ ұрпақ үшін сақтауға бағытталған», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар