Алдағы 3 жылда қазақстандық қандай да бір инвестор БТА банктің негізгі акционері бола алады деп айта алмаймын - Ә. Сәйденов

Оның сөзіне қарағанда, БТА банктің кредиторлармен келісімі бойынша, әлеуетті стратегиялық инвесторға қойылатын белгілі бір критерийлер бар, оны біліктілік талаптары деп атайды. «Ол критерийлер 3 жылға дейінгі кезеңге таратылады. Ол критерийлерге банктердің рейтингі, активтері, олардың қалай реттелетіні және қандай елден болуы ықтималдығы жатады. Қазақстандық банктер қазір бұл талаптарға жауап бере алмайды. Сондықтан да алдағы 3 жылда қандайда бір жергілікті инвестор БТА банктің негізгі акционері бола алады деп айта алмаймын», деді Ә. Сәйденов.
Оның айтуынша, БТА банктің негізгі акционеріне үміткер ретінде Ресейдің Жинақбанкінен басқа қаржы институттарымен келіссөздер жүргізілген жоқ. Дей тұрғанмен Ә. Сәйденов ресейлік банктерден бөлек, Батыстың да және Азия елдерінің де банктерінің БТА банктің стратегиялық инвесторы болуына мүмкіндіктері барын атап көрсетті.