Алдағы 5 жылда отандық шахмат қалай дамиды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Қазақстанда шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» Үкімет қаулысына қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Кешенді жоспарға сәйкес, биыл 3-тоқсаннан бастап мына жұмыстар іске асырылады:

- Жалпы білім беретін мектептердің оқу жоспарына шахмат бойынша факультатив (курс) енгізу;

- Шахмат бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде 1-4 сыныптарға арналған оқу-әдістемелік кешенді әзірлеу;

- Мектепке дейінгі ұйымдарда шахматтан балалар кубогын өткізу;

- Шахматты Ұлттық мектеп және студенттер лигасының бағдарламасына қосу;

- Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың және орындаушылардың халықаралық конкурстарының, спорттық жарыстардың тізбесіне 16-дан 18 жас санатындағы шахмат олимпиадасы мен шахматтан әлем чемпионатын қосу туралы мәселені пысықтау;

- ЖОО-да студенттік спорт лигасы шеңберінде шахматтан жарыстар өткізу, шахмат клубтарын ашу;

- Шахмат бойынша кадрларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру (жыл сайын кемінде 50 жаттықтырушы);

- Орталық мемлекеттік органдар және БАҚ қызметкерлері арасында шахматтан турнир өткізу;

- Пенитенциарлық мекемелерде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан адамдар арасында онлайн-турнир өткізу;

- Ересектер арасындағы шахмат олимпиадасында 1-2 орын алған және шахматтан әлем чемпионатында 1-орын алған спортшыларға «ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері» спорттық атағын берудің нормалары мен талаптарын әзірлеу;

- Үздік шахматшыларға стипендия бөлу;

- Астана қаласында шахмат сарайының құрылысына жер телімін бөлу;

- Көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларынан шахмат клубтарын және шахмат алаңдарын ашу;

- Әр өңірде шахматты дамыту жоспарын әзірлеу және бекіту.

Мәлім болғандай, аталған шаралар 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асады.

Қаулы қол қойылған күннен, яғни 14 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.

Соңғы жаңалықтар