Алдағы 7 жылға арналған Ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту тұжырымдамасы әзірленді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту жөніндегі 2023-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілмек. Құжат-жобасы «Ашық» НҚА порталында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жоба ҚР орта мерзімді және ұзақ мерзімді стратегиялық құжаттарын, БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарының түйінді элементі ретінде салауатты өмір салтын қамтамасыз ету және кез келген жаста баршаның аман-cаулығын арттыруға жәрдемдесуде 3-ші орнықты даму мақсаттарын іске асыру үшін әзірленді. Жобаның мақсаты - тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында өмірдің барлық кезеңдерінде әйелдер мен балалардың денсаулығын қорғау жүйесін жетілдіру және өмір сүрудің жоғары сапасын қамтамасыз ету», - делінген құжатта.

Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде мына жұмыстар қолға алынады:

- «Келешек» жол картасын әзірлеу;

- Қыздар мен жасөспірімдердің жыныс мүшелерінің дамуындағы туа біткен ауытқуларды ерте диагностикалауға, уақтылы хирургиялық түзетуге репродуктивті функцияны қалпына келтіруге бағытталған «Сенім» арнайы бағдарламасын әзірлеу және іске асыру;

- «Жасөспірімдерді адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау» бағдарламасын насихаттау және одан әрі іске асыру;

- «Жоспарлы жүктілік» арнайы бағдарламасын әзірлеу және іске асыру;

- «Болашақ ата-аналарға арналған check-up» (чек-ап) - жүктілікті жоспарлауға дейінгі әйелдер мен ерлердің денсаулығын кешенді зерттеу мен сауықтыру бағдарламасын әзірлеу;

- Күрделі хирургиялық гинекологиялық араласуларды орындау үшін кіші инвазивті эндовидеохирургияны жетілдіру;

- Емханаға жүгінген күні жүкті әйелдерге кешенді медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Жүкті әйелдерге арналған ашық терезе» жобасын іске асыру;

- «Босану кезінде екі жүкті әйелге 1 акушер» қағидатын сақтау, акушерлердің рөлі мен жауапкершілігін арттыру;

- Жүкті және босанғаннан кейінгі әйелдерді балаларымен санаторий-курорттық емдеуге жатқызу үшін «Ана мен бала» орталығын ұйымдастыру.

Осы жұмыстарды 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен орындау нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы жүктілік деңгейін 1 000 адамға шаққанда 1,9-ға төмендету жоспарланған.

Тұжырымдама 24 мамырға дейін көпшілік талқылауда болады.


Соңғы жаңалықтар