Алдағы аптада Қазақстанда ҮИИД МБ мамандарын даярлайтын 10 ЖОО іріктелінеді
Бұл туралы ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi Такир Балықбаев мәлiм еттi.
«10 жоғары оқу орындарына тоқталатын болсақ, біз Жолдау жарияланғаннан кейін қазір әртүрлі бағыттағы 12 жоғары оқу орындарын таңдап алдық және олар арнайы дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр»,-деді министрдің орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, бұл ЖОО-лардың арасында Назарбаев Университеті, ҚазҰУ, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Қазақ ұлттық техникалық университеті, Еуразия ұлттық университеті, Қазақ агро-техникалық университеті, Қостанай мемлекеттік университеті, Павлодар мемлекеттік университеті, ШҚО техникалық университеті, ОҚО техникалық университеті, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, сондай-ақ Атырау мұнай және газ институты қамтылған.
«Бұл жоғары оқу орындарының барлығы қазіргі кезде даму бағдарламаларын даярлауда және өздерінің ұсыныстарын әзірлеуде. Содан кейін алдағы аптада олардың бағдарламаларын тыңдап, соның арасынан 10-ын іріктеп, Үкіметке ұсынамыз. Осы 10 ЖОО бекітіліп, бұл бағытта жұмыс істейтін болады. Таңдалып алынған бұл жоғары оқу орындары индустрияның барлық бағыттарын қамтып отыр»,-деді Т. Балықбаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда ҮИИД МБ мамандарын 10 ЖОО дайындайтын болады. Алдағы 5 жыл көлемінде еліміздегі жоғары оқу орындары Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына өзіндік үлесін қоспақшы. Т. Балықбаевтың айтуынша, осы мақсатта қажетті қаржы бөлініп, жаңа білім беру бағдарламалары жасалып, сондай-ақ материалдық база күшейтіліп, профессорлық-оқытушылық құрам кеңейтілетін болады.