Алдағы аптада Мәжілісте «Қазіргі Қазақстан және «Еуропаға жол» атты халықаралық конференция өтеді

АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Алдағы аптада Парламент Мәжілісінде «Қазіргі Қазақстан және «Еуропаға жол» атты халықаралық конференция өтуі жоспарлануда.
None
None
Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының мәслихаттардағы депутаттық фракциялар жетекшілерімен кездесуі барысында Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Нұрбах Рүстемов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Халықаралық ынтымақтастық мәселелеріндегі Парламент қызметінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі аса маңызды рөл атқарады. Осы бағытта депутаттар алдағы аптаға жоспарланған «Қазіргі Қазақстан және «Еуропаға жол» атты халықаралық конференцияға белсенді түрде әзірленіп жатыр. Бұл алқалы жиын бірнеше маңызды мәселелерді талқылайтын секцияларға бөлініп, Парламенттің халықаралық қызметі мәселелеріне де баса назар аударылатын болады. Сондай-ақ жиын барысында Қазақстанның Еуропа мемлекеттерімен және Еуропадағы өңірлік құрылымдармен ынтымақтастық векторын нығайта түсу мәселелері де күн тәртібіне енгізілмек», - деді Н. Рүстемов. Алдын ала мәліметтер бойынша, алдағы басқосуға Еуропалық Парламенттен, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан (ҰҚШҰ), ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясынан, Еуропалық кеңестен, НАТО-дан, ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан, ЕурАзЭҚ-тан делегациялар, батыс елдері парламенттері саяси фракцияларының көшбасшылары, еуропалық жетекші сараптама институттарының өкілдері қатысады деп күтілуде. Конференция жұмысы пленарлық және секциялық отырыс түрінде өтпекші.
Соңғы жаңалықтар