20:02, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Алдағы бірнеше жылда мемлекеттің әлеуметтік қамсыздандыруға және әлеуметтік көмекке бағыттайтын шығыны 1 трлн. теңгеден асады ? Елбасы
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Алдағы бірнеше жылда мемлекеттің әлеуметтік қамсыздандыруға және әлеуметтік көмекке бағыттайтын шығыны екі есе өсіп, 1 трлн. теңгеден асады. Бүгін «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесі Бюросының кеңейтілген отырысы барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «2009-2011 жылдарға арналған үш жылдық бюджетте жыл сайынғы жалақыны көтеруге, әлеуметтік төлемдерге бағытталған шығыстар қарастырылып отыр. Бұл шараның өзі инфляциядан айқын басым түсетіндей болып жасалады. Сонымен бірге, бүгінгі күні Үкімет барлық жұртшылықтың зейнетақылық салымдары бойынша табыстылықты қамтамасыз ететін арнайы өтемақылық тетіктерді қарастыратын болады. Сондықтан да, қазіргі таңда мемлекет барлық әлеуметтік міндеттерді орындау үшін барлық мүмкіндіктерді іске қосып отыр деп айтуға негіз бар», деді Елбасы.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы бүгінгі күннің жетістіктеріне тоқтала келе, бұның өзін өткен жылдары жинақталған қордың заңды қорытындысы екендігін атап көрсетті. «Мен әр кездері мұнайдың бағасы бір қалыпты тұрмайтынын баса айтып келемін. 1998 жылы біз мұнай бағасының барреліне 9-10 долларды құраған кезін де бастан өткердік. Ал барлық саналы мемлекет өздерінің қолайлы уақыттағы қаражаттарын күйзелістен жақсы шығу үшін жинайды», деді Н. Назарбаев.