14:08, 24 Ақпан 2017 | GMT +5
Алдағы демалыс күндері қар жауып, тұман түседі, көктайғақ болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК 25-27 ақпанға арналған ауа-райы болжамын жария етті.

«Алдағы күндері Сібір антициклонының тарамдары Қазақстанның шығыс бөліктерінде жауын-шашынсыз ауа-райын әлі сақтап тұрады. Еділ мен Каспий теңізінің оңтүстігінен, Қазақстан аумағы арқылы батыстан шығысқа қарай жылжыған атмосфералық ағындар қайтадан оралып, қар жаудырып, көктайғақ құбылыстарын тудырып, жолдарды тұманмен, қармен басып тастайды», - делінген хабарламада.
Республиканың оңтүстігіндегі күндізгі плюс 3-10ºС температура кезінде жаңбыр жауа бастайды, бірақ температураның төмендеуіне байланысты арты қарлы боранға айналады. Сондай-ақ бұл жерлерде көктайғақ, көріну төмендігі 100-500 м дейін тұман болады деп күтіледі. Ауа температурасы әдеттегідей 3-8ºС климаттық көрсеткіштерден жоғары болады.