Алдағы демалыс күндері Қазақстанда күн суытып, жаңбыр жауады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы демалыс күндері Баренц теңізі арқылы өткен циклон батыстан шығысқа қарай Қазақстан аумағы арқылы өтіп, күннің жауын-шашынды болуына ықпал етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК мәліметтеріне сілтеме жасап.

Алдағы демалыс күндері Қазақстанда күн суытып, жаңбыр жауады

«Елдің солтүстік, шығыс және таулы аймақтарында түнде және таң ата жаңбырдың арты қарға ұласуы мүмкін. Тұман түсіп, жел күшейеді, республиканың оңтүстігі мен батысында дауыл соғады. Жауын-шашыннан кейін Еуропа аймақтарынан суық антициклон келеді, ол келе жатқан аптаның басында республиканың батысында, содан кейін солтүстігінде жауын - шашынның тоқтауына әкеледі», - делінген синоптиктердің хабарламасында.

Ауа температурасы қысқа мерзімге төмендеуі мүмкін: республиканың солтүстігінде, шығысында және орталығында түнде - 3 градусқа дейін аяз, күндіз - 3-13 градусқа дейін жылы. Республиканың батысында түнде 1-9 градус, күндіз 15-25 градусқа дейін жылы болады. Қазақстанның оңтүстігінде түнде 1-6 градусқа дейін, таулы аймақтарда 2-7 градус аяз, күндіз 12-20 градусқа дейін жылы болады.