Алдағы он жылда да «ҚазМұнайГаз» компаниясының жағдайы оңтайлы болады - KAZENERGY VII Еуразиялық форумы

Ал форумға қатысып жатқан шетелдік сарапшы-мамандар энергетика саласының даму болашағына көз жүгіртіп, алдағы уақытқа негізделген жоспарлары мен зерделеген тұжырымдарын ортаға салуда.
Форумның ашылуына қатысқан ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтың пайымдауынша, бүгінде KAZENERGY форумы қазақстандық және әлемдік энергетиканың өзекті мәселелері талқыланатын негізгі халықаралық алаңға айналып келеді. Себебі бұған дейін өткен мәжілістер осы іс-шараның тиімділігін көрсетті. Мемлекет пен бизнес арасындағы байланыс күшейіп, Қазақстанның мұнай-газ кешенін тұрақты дамытуға қажетті алғышарттар жасалып отыр.
Атап айтқанда, Үкімет басшысы Индустриялық-инновациялық бағдарламаға сәйкес, Қазақстанның мұнай-газ зауыттарын жаңғырту жұмысы 2015 жылға дейін кезең-кезеңімен жүргізілетінін жария етті.
Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту өз кезегінде жоғары сапалы бензинді өндіру көлемін үш есе арттыруға жол ашпақ. Белгілі болғандай, 2013 жылы Солтүстік Каспий жобасын іске қосу жоспарланып отыр.
«Бүгінде табиғи газды өндіру көлемі артып жатыр. Осыған орай Қарашығанақта жылына 5 млрд. текшеметр газды өңдейтін зауыт салынатын болады. Ал Қазақстанның мұнай-газ зауыттарын жаңғырту жұмысы 2015 жылға дейін кезең-кезеңімен жүргізіледі», - дейді С.Ахметов.
Өз кезегінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Қиынов Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары 2013-2015 жылдары жаңғыртылатынын тілге тиек етті. Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жобаларын жүзеге асыру өз кезегінде мұнайды өңдеудің көлемі мен тереңдігін арттыруға, оның ішінде ашық түсті мұнай өнімдері өндірісін жоғарылатуға, сондай-ақ бензин мен дизель отыны сапасының артуына мүмкіндік бермек. Белгілі болғанындай, аталған жаңғырту жұмыстарына 6 млрд. теңге көлемінде инвестиция бағытталмақ.
Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жоспарларының бірі ауқымды инвестицияны ұлттық газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге бағыттауға негізделген екен. Бұл тұрғыда компаниясының басшысы 1,4 мың шақырымға созылатын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры құрылысының жобасын ескеріп өтті. Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы ішкі нарықтағы қажеттілікті қамтамасыз етуге, экономиканың энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға, еліміздің батыс өңірінен табиғи газды жеткізуде жаңа экспорттық бағдарды құруға мүмкіндік беретінін еске салды.
ҚМГ қордың негізгі өсімі мен көмірсутектерді өндіруді Каспий қайраңын игерумен байланыстырып отыр. «Ресурстық базаны арттырудағы біздің мақсатқа қол жеткізу үшін компания бірқатар бірлескен геологиялық барлау жобаларын іскер серіктестермен Каспий теңізінде жүзеге асыруда», - деді Л. Қиынов. Осы орайда ол 2014 жылға дейін «Жамбыл» , «Н», «Сәтбаев», «Жеңіс», «Абай», «Исатай», «Шағала», «Дархан», «Хвалынское» және басқа да жобаларды әрі қарай іске асыру жалғасатынын, сондай-ақ осының аясында 19-20 барлау және бағалау ұңғымаларын бұрғылау көзделгенін атап өтті.
«Жалпы Каспий аумағындағы мұнай жобалары есебінен мұнай мен газ конденсатын өндіру деңгейі биылғы жылғы көрсеткішке қарағанда 2022 жылға қарай 1,6 есеге артатын болады», - деп түйіндеді Л. Қиынов.
Қазақстан көмірсутектердің қоры бойынша әлем елдерінің алғашқы ондығына еніп отыр және ТМД мемлекеттерінің арасында Ресейден кейін екінші орында екен. Еліміздің мұнай бойынша дәлелденген қоры 39,8 млрд. баррель, ал газ көлемі тұрғысында 3 трлн. текшеметрден астам көрінеді. Мұнай өндіру көлемі бойынша Қазақстан 2011 жылы әлемде 15-ші орында тұғырланды. 20 жылдың ішінде мұнай мен газ конденсатын өндіру деңгейі 3 есеге артып, өткен жылы 82 млн. тоннадан асып түскен.
Бұл тұрғыда мұнай-газ саласын дамытудың стратегиялық мақсат міндеттерін шешу бойынша басты рөл «ҚазМұнайГаз» компаниясына жүктелген. Компания көмірсутектерді барлау мен өндіруде, қайта өңдеу және тасымалдауда ұлттық оператор, сондай-ақ Қазақстанның мұнай-газ саласында мемлекеттің мүддесіне қызмет жасайды.
Л. Қиыновтың пайымдауынша, компанияның келешегі мен мақсатты көрсеткіштері әлемде мұнай бағасы айтарлықтай құлдырап жатса да, 2022 жылға қарай да оңтайлы ахуалмен қалыптасады. Саланың дамуының стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін ҚМГ «2012-2022 жылдарға арналған ұзақ мерзімді стратегияны» әзірледі. Бұл құжатқа сәйкес компанияның мақсаты - әлемнің ең ірі 30 мұнай-газ компанияларының қатарына ену.
Айтпақшы, аталған форум аясында өткен баспасөз мәслихатында KAZENERGY қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев «Қашаған» кен орнында мұнай өндіру алдағы жылдың наурызында басталатынын айтты.
Сонымен қатар ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев тағы бір жаңалықтың бетін ашты. Атап айтқанда, Қарашығанақ жобасын кеңейту көзделіп отыр. Ол бойынша Ресеймен тиісті келіссөздер жүргізіліп жатыр. Өйткені шикі газдың басым бөлігі Орынбор газ өңдеу зауытына жеткізіледі. Ал шикізаттың қалған бөлігін Қазақстан жерінде салынатын жаңа зауытта өңдеу көзделіп отыр.