Алдағы төрт жылда Шымкенттегі халық саны миллионнан асады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласында халық саны төрт жылда миллионға жетеді. Қазіргі таңда халық саны 854,5 мыңға жетіп отыр.
None
None

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында қала әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеген.

«Шымкент қаласы өзге шаһарлармен салыстырғанда халық ең тығыз қоныстанған орталық. Демографиялық өсім өзге өңірлерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Оның үстіне ішкі және сыртқы миграцияның үлесі зор. Қазіргі таңда, қалада 854,5 мың халық бар, соның ішінде статистикалық мәлімет бойынша 705,0 мың адам қаланың өзінде тұрып жатса, аудандардан қосылғаны - 149,5 мың адам. Жыл сайынғы табиғи өсім орташа есеппен 2,4 пайызды құрайды. 2019 жылға қарай халық саны жағынан миллионды еңсереміз деген жоспарымыз бар. Сол себептен бірінші кезекте халықтың әлеуметтік әлеуетін жақсарту басты назарымызда»,-деді қала басшысы өз баяндамасында.

Елдің әлеуметтік әлеуетін жақсарту үшін алдымен халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету қажет. Елбасы өз Жолдауында баспана мәселесі басты назарда екенін атап өткен болатын. Осы орайда Шымкентте мемлекеттік бағдарламалар бойынша көп қабатты үйлердің құрылысы қарқын алған. Айта кету керек, тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында биылғы жылы бюджет қаржысы есебінен 4,7 млрд. теңгеге 3 364 пәтерлі 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

«Оның ішінде ағымдағы жылы 629 пәтерлі 11 тұрғын үй пайдалануға берілсе, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ 1080 пәтерлі 15 тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуде. Сонымен қатар, «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамыту 2020» бағдарламасының шеңберінде 34 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуге 211 млн.теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр» деді қала басшысы.

Соңғы жаңалықтар