15:03, 06 Ақпан 2009 | GMT +5
Алдағы уақытта депозиттегі теңге салымына сыйақы ставкасы бұрынғы қалпында қалса, шетел валютасының ставкасы 8 пайызға дейін төмендейді
АСТАНА. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Алдағы уақытта депозиттегі теңге салымындағы сыйақы ставкасы 13,5 пайыз болып бұрынғы қалпында қалса, шетел валютасының ставкасы 8 пайызға дейін төмендейді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясының отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Григорий Марченко мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, бүгінгі күні халықтың депозиттік нарық бойынша салымы 1,5 трлн. теңгені құрады. Дегенмен де, соңғы екі жылда халық біртіндеп теңгедегі депозитін шетел валютасына алмастыра бастаған. Осыған орай, теңге бойынша депозит салымы 2008 жыл соңына қарай 59 пайызға төмендеген.
«Дәл осы депозиттегі теңге салымын валютаға ауыстыру 2008 жылдың соңғы айларында қарқынды болды. Сондықтан да, қазіргі девальвация жағдайында «Депозиттерді кепілдендіру қорымен» тиісті шешім қабылданып отыр. Ол бойынша ақпанның 16-сынан бастап депозиттерге салынатын қаражат теңге бойынша жылдық сыйақы мөлшері 13,5 пайыз көлемінде қалады. Ал, шетелдік валюта бойынша салым ставкасы 8 пайызға дейін төмендейді. Яғни, біздің көзқарасымыз бойынша ендігі күні депозиттегі теңге бойынша салынған қаражатты долларға ауыстырудың қажеті шамалы. Оның үстіне депозиттің теңге бойынша сыйақысы айтарлықтай жоғарылайтын болды. Сондай-ақ, девальвациялық жағымсыз құбылыстардың алдын алдық, яғни ендігі доллар үшін бағам 150 теңгеде тұрақты болады», - деді Г. Марченко.