17:56, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Алдағы уақытта макроэкономикалық көрсеткішімізді төмендетіп алмауымыз қажет - Мәжіліс депутаты З. Алшымбаев
АСТАНА. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Ақпанның 6-сы күні «Нұр Отан» ХДП-ның Парламент Мәжілісіндегі фракциясының кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда Үкіметтің Дағдарысқа қарсы бағдарламасын іске асыру мәселесі қаралды. Осы мәселе туралы Мәжіліс депутаты, Палатаның Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Зейнолла Алшымбаев

ҚазАқпарат тілшісіне жан-жақты түсінік беріп, өз ойларын ортаға салды.
? Зейнолла Өтежанұлы, Үкіметтің, Ұлттық Банкі мен ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің Экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарының орындалу барысы туралы Үкімет басшысының баяндамасын тыңдадыңыздар. Біздің мемлекетіміз тарапынан қолға алынып жатқан іс-шаралар жөнінде не айтасыз? ? Қазіргі болып жатқан қиындықтарға қарамастан, қабылданған мына бағдарлама және оның орындалу бағыты халыққа ауыр тимеу жағына үлкен көмегі болады деп ойлаймыз. Кейбір азаматтар Ұлттық қордағы қаражатты шетелдердегідей, әсіресе батыс елдеріндегідей бөліп алсақ, жалақымыз өсетінін айтады. Мәселен, «әлеуметтік пакет», сыйақылары бар, бонустары бар, сол түрінде алуымыз қажет деп ойлайды. Ол дұрыс емес. Біздің жағдайымызда бұл қазіргі әлемдік қаржы дағдарысына байланысты жасалып жатқан шаралар екенін ұғынуымыз қажет. Ұлттық қор біздің болашақ ұрпақтарымыз үшін сақталып отыр, оның қаржысы тек үлкен де кешенді бағдарламаларды іске асыру үшін жұмсалады. Оның бәрі халықтың ақшасы болып есептеледі, мұнайдан түскен елдің ортақ байлығы екені анық. Сондықтан, батыс елдеріне еліктеп, жалақы көлемін солармен бірдей ұстаймыз деген пікірді қате деп есептеймін. ? Үкіметтің ұстанып отырған бағыт-бағдары депутаттардың көңілінен шықты ма? ? Үкіметтің дағдарысқа қарсы іс-қимыл бағдарламасы баспасөзде толық жарияланып, халыққа таныстырылды. Біздер де жан-жақты таныстық. Бүгінгі таңда бағдарлама бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр, Үкімет тарапынан қандай қозғалыстар бар? Аталған бағдарламаның құндылығы осында болып тұр. Оның өзі бірнеше негізгі бағыттан тұратын кешенді бағдарлама. Біріншіден, макроэкономикалық жүйені тұрақтандырып ұстау міндеті алға қойылған. Айталық, өткен жылғы көрсеткіштерімізге қарасақ, қол жеткізген табыстарымыз жаман емес. Жалпы ішкі өнімнің өсімі де жақсы. Инфляция да айтылған дәлізде ұсталды. Сондай-ақ біздің экономикамызға шетелдік инвестицияның келуі жоғары деңгейін сақтады. Өзіндік қорлардың өсуі байқалды. Банк жүйесінде қаржы айналымы тұрақтылығын сақтап, қарқынын арттырғанын көруге болады. Қаржы жүйесін құрап отырған 4 банк те жылды жақсы қорытындылады. Енді алдағы уақытта макроэкономикалық көрсеткішімізді төмендетіп алмауымыз қажет. Ең басты мәселе - экономиканың құлдырауына жол бермеуіміз керек. Яғни, жалпы ішкі өнімнің өткен жылдарға қарағанда өте төмен түсіп кетпеуін Үкімет қатаң назарда ұстауға тиісті. Соның алдын алу шараларын айқындап алып, нақты іс-қимылдар жасау қажет. Болжам бойынша 2009 жылы жалпы ішкі өнім өсімі 2-3 пайыз болады деп отыр. Мәселен, батыс елдерінде ел экономикасы 2-3 пайызға өссе, оны жақсы жетістік деп есептейді. Бірақ, әрине біз соңғы 7-8 жылда 9-10, тіпті 11-12 пайызға дейін өсіп, экономикамыз жақсы дамып келе жатқаннан кейін, 2-3 пайыз дегенің төмен деңгей болып көрінеді. Дегенмен қазіргі әлемдік қаржы дағдарысының қиындық туғызып тұрған жағдайында бұл үлкен жетістік болады.
Сонымен бірге қаржылық жүйеде тұрақтылықты қалыпты ұстау үшін қолданылып жатқан шаралар фракция отырысында жақсы талқыланды.? Енді теңгені девальвациялау процесі жайлы пікіріңізді білдірсеңіз? ? Теңгенің девальвациялануы қазір өзекті тақырыпқа айналып тұр. Бірақ бұл жағдайдың болатынына ешкімнің күмәні болған емес. Себебі төңіректегі елдердің барлығы өздерінің ұлттық валюталарын әлдеқашан девальвация жасады. Яғни, ұлттық валюталарын доллармен салыстырғандағы деңгейлерімен теңестірді. Және де бұл үдерісті біртіндеп жүзеге асырды.
Ал біз теңгемізді долларға шаққанда 119, 120 теңге көлемінде ұстап тұрамыз деп 6 млрд. долларымызды жойдық. Одан кім ұтты, кім ұтылды? Біздің үлкен компанияларымыз бар, олардың экспорттық тауарлары бар. Сол тауарлары бәсекелестікке қатыса алмай қалады. Ал қазіргі жағдайда ол компаниялар бәсекелестікке қатысатын болады. Өздерінің тауарларын сатқаннан кейін біздің еліміздің валюта қорының өсуіне жақсы әсері болады. Әрине, импорттық тауарлармен айналысатын кәсіпорындарымызға қазір белгілі бір қиындықтар туындайды. Бірақ биылғы 2009 жылдың келісімшарттары жасалған, соған сәйкес келген азық-түлік және басқа тауарлардың бағасы өспей, бұрынғыдай деңгейде болуы тиіс. Осы мақсатта барлық шаралар қарастырылуда. «Нұр Отан» партиясының барлық жерде белсенділері мен ұйымдары бар. Солар қадағалайтын болады. Жергілікті әкімшіліктер бақылау жасайды. Мұның көлеңкелі бір жағы инфляцияға алып келеді. Соған жол бермеу қажет. Осы орайда әріптестерім фракция отырысында Үкімет басшысына, Ұлттық Банк төрағасына өз ұсыныстарын айтты. ? Көрші елдердің ұлттық валютасын девальвациялауға біртіндеп келгенін жаңа айтып өттіңіз. Ал бізде теңгенің бірден біраз деңгейге құнсызданып кетуі қаншалықты дұрыс шешім деп есептейсіз? ? Біздің әріптестеріміз бұл жөнінде өткір пікірлерін айтты. Мұндай шешімді ертерек қолға алу қажет еді. Ең әрісі, 2008 жылдың төртінші тоқсанынан қалдырмау бастау керек еді. Біраз жіберіп алғанымыз, бірден байқалып отыр. Бұлай асқындырмағанымыз жөн еді. Өйткені оған алтын-валюта қорымыздың қаржысы кетіп жатыр, 6 млрд доллар деген көп ақша ғой. Мұның бәрі зерделене келе, осындай шешімге алып келді. Оны қостайтындар да бар, қарсы болатындар да кездесіп жатыр. Бірақ біздің экономикамыз үшін оның оңды жағы көбірек болады ғой деп ойлаймын.? Пайымды пікір білдіргеніңізге рақмет.