Алдағы үш жылда Астанада 200 жекеменшік балабақша ашылады - Исекешев

«Жыл сайын мектепке дейінгі жастағы бүлдіршіндердің саны 10-15 мыңға өседі. Сонымен қатар мектеп оқушыларының саны қарқынды түрде артуда. Егер де 2010-2011 оқу жылында біздің мектептерде 74 мың бала білім алса, биылғы жаңа оқу жылында 145 мың оқушы келеді деп күтіп отырмыз. Яғни соңғы 6-7 жылда оқушылар саны екі есеге өсті», - деді шаһар басшысы.
Ә.Исекешев бұл бағыттағы мәселелерді шешуге қатысты нақты бағдарлама іске асырылып жатқанын жеткізді. Бірінші кезекте мектептер желісін дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Ағымдағы жылы екі мемлекеттік балабақша пайдалануға беріледі, сонымен қатар ұлттық компаниялармен салынып жатқан үш балабақша тапсырылмақ. Мұнымен қоса, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігі бойынша алты балабақшаның құрылысы басталды.
«Әрине, негізгі екпінді жекеменшік балабақшаларды дамытуға қойып отырмыз. Қазіргі кезде қалада шағын орталықтарды есепке алмасақ, 116 жекеменшік және 96 мемлекеттік балабақша жұмыс істеп тұр. Биыл тағыда алты мың орынға 60 жекеменшік балабақша ашылады. Жыл сайын балалар саны өсіп келе жатқаны белгілі, осы орайда мемлекеттік тапсырысты арттырамыз деп шештік. 2020 жылға дейін мемлекеттік тапсырыс есебінен тағы да 20 мың орынға 200 жекеменшік балабақшаны ашуды жоспарлап отырмыз. Осы арқылы балабақшалардың жалпы саны артып,балалар мектепке дейінгі біліммен 100 пайызға қамтылмақ», - деді Исекешев.