Алдағы үш жылда ТМД елдерінің 5G интернетке қосылу үлесі 9% жетеді - зерттеу
Бүгінде көптеген елде 5G енгізу қарқынды жүріп жатыр, өз кезегінде кәсіпкерлер мен қолданушылар аталған байланыстың артықшылықтарын бағалады.
Statista мәліметтеріне сәйкес, Қытай мен АҚШ 5G енгізу бойынша басқа елдерден әлдеқайда озық. Бүгінде 5G интернеті әлемнің 652 қаласында енгізілген.
Оның 356 - Қытай және 296 - АҚШ қаласы.
5G интернетін қосу бойынша бес көшбасшыға Филиппин (98 қала), Оңтүстік Корея (85 қала) және Канада (84 қала) кірді.
Үздік ондық қаратында Испания, Италия, Германия, Ұлыбритания және Сауд Арабиясы бар.
Пандемиядан кейін 5G стандартын енгізу экономиканы қалпына келтіріп, өсімге ықпал етуі мүмкін. Осы орайда аталған сектордың бірқатар талдаушысы түрлі статистика мен болжамдарды келтіреді.
5G-ге көшу әр елде әртүрлі жылдамдықпен жүріп жатыр.
Мысалы, 2025 жылға қарай дамыған Азия-Тынық мұхиты аймағында 5G желісін енгізу - 64%, Солтүстік Америкада - 63%, Қытайда - 52%, Араб мемлекеттерінде - 49%, Еуропада - 44% құрайды.
Осылайша, 5G енгізу мемлекет дамуының басымдығына айналып отыр.
ТМД елдерінде 5G интернетке қосылу үлесі 2025 жылдың соңына қарай тек 9%-ға жетеді деп болжануда. Бұл бағытта Қазақстан да әлеуетті.
Қазақстанда 5G интернетін қосуда маңызды қадамдар жасалып жатыр. Өткен жылы желтоқсанда республикада 5G үшін радиожиіліктерге аукцион өткізілді.
Аукцион — жиіліктерді әділ бөлудің жалпы әлемдік тәжірибесі.
Аукцион gosreestr.kz сауда-саттық ақпарат алаңында ұйымдастырылды. Ешқандай шектеусіз, ашық өтті.
Бірінші лот 3600-3700 МГц (100 МГц) радиожиілік диапазонында, екіншісі 3700-3800 МГц (100 МГц) диапазонында ұсынылды. Әр лоттың бастапқы бағасы 1 761 225 000 теңгені құрады.
Нәтижесінде №1 лоттың бағасы 62,7 млрд теңгеге дейін өсті, ал № 2 лоттың ұсынысы рекордтық 93,4 млрд теңгені құрады.
Жеңімпаз «Кселл» АҚ және «Теле 2» және «Алтел» брендтерімен танымал «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС олды. Аукционға тағы бір ұялы байланыс операторы — Beeline қатысты, бірақ компания ставка жасаған жоқ.
Өткен аукционның қорытындысы бойынша бірнеше қорытынды жасауға болады.
Біріншіден, Қазақстанда мұндай аукцион бірінші рет өткізілгенін және тиісінше лоттардың бастапқы бағасы барынша төмен болғанын атап өткен жөн.
Соңғы бағаның бірнеше есе өсуі нарықтық жағдайда қалыптасқан әділ құнды көрсетеді.
Тиісінше, өткен сауда-саттық нәтижесін келесі аукционға негіз ретінде алуға болады.
Екіншіден, қатысушылар тарапынан ұсынылған бағаның өсімін байқаймыз. Бірінші аукционда сома 62,7 млрд теңгені, ал екіншісінде 93,4 млрд теңгені құрады. Бұл нарық қатысушыларының жоғары сұранысын көрсетеді.
Сонымен қатар, мұндай сұраныс радиожиіліктердің ұлттық ресурсы шектеулі болғандықтан туындайды.
Сондықтан да Цифрлық даму министрлігінде атап өткендей, 5G/IMT бесінші буынының ұялы байланысын енгізу және дамыту үшін РЖС жолақтарын бөлуді сауда-саттық арқылы өткізу туралы шешім қабылданды.
Үшіншіден, жиіліктерге сұраныс 5G желісінің жаһандық дамуымен және оның болашағымен байланысты.
Айта кету керек, аукционнан алынған қаражат «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында телекоммуникация саласын дамытуға бағытталады.
Бұл жоба үш мыңға жуық ауылды талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамтамасыз ету, республикалық және облыстық жолдар бойында «оптика», антенна-діңгек құрылыстарын салу және шалғай ауылдарға электр энергиясын жеткізуді көздейді.
Фото: aa.com.tr