Алдағы жылу беру маусымында ел тұрғындарына қанша көмір керек
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алдағы жылу беру маусымында коммуналдық сала мен тұрғындарға 9 млн тоннадан астам көмір керек. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ведомство мәліметіне қарағанда, биылғы 7 айдағы жедел деректер бойынша 61,7 млн тоннаға жуық көмір өндірілді. Ал энергетикалық кешендерге жөнелтілген көмір көлемі 36,8 млн тонна, коммуналдық-тұрмыстық секторға 3,9 млн тонна, экспортқа 18,3 млн тонна болған.
Т.Жолмағамбетовтың айтуынша, жылу беру маусымы алдында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін көмір тиеуге жылжымалы құраммен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларға арналған жол картасы әзірленген.
«Коммуналдық-тұрмыс секторы мен ел халқына қажет көлем 9,1 млн тонна болды. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық салаға 2,3 млн тонна, ал халыққа 6,8 млн тонна керек. Қазір 9,1 млн тоннаның 2 млн тоннасы жеткізілді», - деді министрлік өкілі Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Былтырмен салыстырғанда көмір бағасы орташа есеппен 15 пайызға өсті. Негізгі разрездердің өзінде әлеуметтік көмірдің тоннасы осылай бағаланған:
- «Шұбаркөл көмір» – 7 570 теңге;
- «Қаражыра» – 9 000 теңге;
- «Шұбаркөл премиум» – 9 000 теңге;
- «Майкөбен-Вест»» – 6 700 теңге.