Александр Бублик 21 эйс жасап, Аделаиде турнирінің ширек финалына өтті
Қазақстанның бірінші, әлемнің 31-ракеткасы Александр Бублик Аделаиде (Аустралия) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Доданың 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 40-орында тұрған ұлыбританиялық Дэниел Эванспен шеберлік таластырды.
Бірінші партияда Д.Эванс ширақтық танытты – 6:4.
Есесіне екінші сетте А.Бублик ойын тізгінін қолына алды – 6:2.
Үшінші, шешуші партияда қарсыласын ойсырата ұтты – 6:1.
Екі сағатқа созылған бәсеке барысында Бублик 21 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 2 эйс, 2 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Бублик жартылай финалға шығу үшін әлемнің 25-ракеткасы, италиялық Лоренцо Музеттимен таласады. Ол рейтингіде 47-сатыдағы аустралиялық Джордан Томпсонды тізе бүктірді – 6:4, 6:1.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың Аустралия ашық чемпионатын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Недовесов Аустралиядағы турнирдің ширек финалына шықты.