Александр Бублик 24 эйс жасап, Уимблдонды жеңіспен бастады

Осыған дейін Галле (Германия) ATP 500 турнирінде чемпион атанған қазақстандық теннисші Уимблдонда 23-ракетка болып тіркелді.
А.Бублик алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 54-орында тұрған америкалық Маккензи Макдональдпен бақ сынасты.
Бірінші партияда тай-брейкте америкалық спортшы сәтті ойнады – 7:6 (7:3).
Екіншісінде есеп 4:4 болған мезетте Бублик брейк жасап, сосын өз геймін алды – 6:4.
Үшінші сетте қазақстандық теннисші доп берген кезде қателікке бой алдырып, қарсыласының брейк жасауына жол беріп қойды – 0:2. Дегенмен таразы басын теңестіре алды – 4:4. Содан кейін тағы бір брейкке қол жеткізіп, партияны өз пайдасына шешті – 6:4.
Төртінші партияда брейк жасаған қазақстандық спортшы 3:1 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.
Екі сағат 49 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында А.Бублик 24 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. М.Макдональд 6 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Бублик екінші айналымда тағы бір америкалық, әлемнің 48-ракеткасы Джеффри Джон Волфпен кортқа шығады. Ол бастапқы кездесуінде рейтингте 158-сатыдағы франциялық Энцо Коконы 7:5, 6:3, 7:6 (7:4) есебімен тізе бүктірді.
Өткен жылы А.Бублик Уимблдонда үшінші айналымға дейін жеткен еді.
Ерлер арасында Уимблдон жарысы 3-16 шілде аралығында жетеді. Доданың жалпы жүлде қоры биыл 44,7 млн фунт стерлингке жетті, бұл рекорд болып есептеледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдон алдында қазақстандық теннисшілердің рейтингтегі орны белгілі болғанын жазған едік.
Елена Рыбакина Уимблдондағы алғашқы қарсыласы туралы: Ол – мықты ойыншы.
Сондай-ақ Уимблдонда Александр Бублик Галледегі жеңісті жолын жалғастыра ала ма?
Елена Рыбакинаның суреті бейнеленген пошта маркасы шығарылды.