Александр Бублик АҚШ-тағы турнирдің ширек финалына өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 82-ракеткасы Александр Бублик Финикс (АҚШ) челленджер турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде өзінен бір саты төмен тұрған Ринки Хидзикатамен кортқа шықты.
Бірінші партияда Бублик 6:2 есебімен басым түссе, екіншісінде Хидзиката қарымта қайырды — 7:5.
Шешуші, үшінші сетте А.Бублик жеңісті жұлып алды — 6:3.
Бір сағат 49 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында қазақстандық спортшы 19 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Хидзиката 2 эйс, 3 брейкпен (7 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Александр Бублик жартылай финалға шығу үшін әлемнің 79-ракеткасы, франциялық Корентен Мутемен шеберлік таластырады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 166-ракеткасы Михаил Кукушкин ширек финалдан тыс қалды.
Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған М.Кукушкин екінші айналымда әлемнің 76-ракеткасы, жапониялық Кей Нисикориге жол берді. Есеп 3:6, 1:2 болғаннан кейін екінші сетте қазақстандық теннисші матчты жалғастырудан бас тартты.
Аталмыш дода қоры 250 мың АҚШ долларына бағаланып отыр. Турнир жеңімпазы 38 420 доллар табыс тауып, 175 рейтингілік ұпайға ие болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Мажарстандағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.