Александр Бублик АҚШ-тағы турнирдің жартылай финалына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 42-ракеткасы Александр Бублик Ньюпорт (АҚШ) ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің бұрынғы бірінші, қазіргі 52-ракеткасы, ұлыбританиялық Энди Марреймен күш сынасты.

Биыл теннисшілер өзара екі рет кездесіп, Индиан-Уэллсте (АҚШ) А.Бублик 7:6 (11:9), 6:3 есебімен ұтқан еді. Алайда кейін Штутгартта Э.Маррей 6:3, 7:6 (7:4) есебімен есе қайырды.

Бұл жолы бірінші партияда брейк жасаған қазақстандық теннисші басым түсті - 7:5.

Екінші сетті де Бублик брейкпен бастағанымен, іле-шала Маррей теңестіріп үлгерді - 1:1. Дегенмен тағы бір брейк жасаған Александр 5:3 есебімен алға кетті. Ақыры сол басымдылықты уысынан шығарған жоқ - 6:4.

Бір сағат 47 минутқа созылған кездесуде Бублик 12 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ. Қарсыласы 1 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.

А.Бублик жүлде қоры 595 мың АҚШ долларына жуықтайтын жарыстың финалына шығу үшін аустралиялықтар, әлемнің 74-ракеткасы Джеймс Дакворт немесе рейтингте 102-сатыдағы Джейсон Кублердің қай жеңгенімен таласады.

Тағы бір қазақстандық Александр Недовесов сербиялық Никола Качичпен бірге жұптық сында Бастад (Швеция) ATP 250 жарысының финалына шыға алмады.

Олар доданың екінші ракеткалары, италиялықтар Симоне Болелли - Фабио Фоньиниге есе жіберді - 7:5, 4:6, 7:10.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Будапешт турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ елордада 16 эйс жасаған қазақстандық теннисші жартылай финалға өтті.


Соңғы жаңалықтар