Александр Бублик әлемдік рейтингіде алғаш рет ТОП-20-ға кіреді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик алдағы дүйсенбіде жаңартылатын ATP рейтингісінде алғаш рет ТОП-20-ға кіреді.

Дубай турнирінің финалына шыққаннан кейін А.Бублик қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 23-тен 19-орынға көтеріліп тұр.
Қазақстандық теннисшінің Дубай ATP 500 жарысының финалындағы қарсыласы белгілі болды.
Доданың өткен жылғы жеңімпазы, әлемнің 4-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев күтпеген жерден рейтингіде 18-орындағы франциялық Уго Умберге жол берді – 5:7, 3:6.
Осылайша, сенбі күні А.Бублик пен У.Умбер чемпиондық атақты сарапқа салады.
Бұл Александр Бубликтің спорттық жолындағы ATP жарыстарындағы 11-інші финалы болмақ. Бұған дейін ол екі рет Монпельеде, сондай-ақ Антверпен пен Галледе үздік шыққан еді. Ал алты финалда жеңіліп қалған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Дубайда әлемнің 5-ракеткасын жеңіп, финалға шыққанын жазған едік.