Александр Бублик әлемдік рейтингіде өзінің үздік көрсеткішіне жақын тұр
АСТАНА. KAZINFORM — Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жаңартылған рейтингіні жария етті.
АҚШ ашық чемпионатында алғаш рет төртінші айналымға дейін жеткен Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 24-тен 19-орынға көтерілді.
Осылайша, қазақстандық теннисші өткен жылғы мамырдағы үздік көрсеткішіне (17) жақындады.
Александр Шевченко 91-ден 97-ге, Бейбіт Жұқаев 191-ден 207-ге, Тимофей Скатов 192-ден 235-ке құлдырады.
Дмитрий Попко 237-ден 220-ға, Михаил Кукушкин 234-тен 231-ге жоғарылады.
АҚШ ашық чемпионатында үздік шыққан испаниялық Карлос Алькарас көш бастаса, италиялық Янник Синнер 2-сатыға сырғыды. Германиялық Александр Зверев үздік үштікті түйіндеп тұр.
Әйелдер арасында Елена Рыбакина WTA рейтингісінде 10-орнын сақтап қалса, Юлия Путинцева 55-тен 60-қа түсті.
Зарина Дияс 242-ден 236-ға, Жібек Құламбаева 318-ден 302-ге ауысты.
Бүгін З.Дияс Хучжоу (Қытай) челленджер турнирінің алғашқы айналымында әлемнің 225-ракеткасы, франциялық Кароль Моннеден жеңіліп қалды – 6:2, 4:6, 1:6.
Жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина рейтингіде 10-нан 12-ге төмендеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Карлос Алькарастың атақты теннисші Рафаэль Надальдың жетістігін қайталағанын жазған едік.