Александр Бублик алғаш рет Париж мастерс турнирінің ширек финалына өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Александр Бублик Париж мастерс турнирінің ширек финалына шықты.

Александр Бублик
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 4-ракеткасы, америкалық Тейлор Фрицпен бетпе-бет келді.

Қарсыластар осыған дейін алты рет кездескен, есеп тең еді – 3:3. 

Бұл жолы бірінші партияда тай-брейкте Бублик табандылық танытты – 7:6 (7:5).

Екінші сетте есеп 3:2 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасап, өз геймін де алды – 5:2. Содан кейін матчты екінші брейкпен түйіндеді – 6:2.

Бір сағат 26 минутқа созылған бәсекеде Бублик 11 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Фриц 15 эйс жасағанымен, 4 брейк-пойнттан ештеңе шығара алмады.

Осылайша, А.Бублик спорттық жолында алғаш рет Париж мастерс турнирінің ширек финалына жолдама алды. 

Александр Бублик жартылай финалға шығу үшін әлемнің 6-ракеткасы, аустралиялық Алекс де Минор немесе рейтингіде 14-орындағы ресейлік Карен Хачановтың қай жеңгенімен таласады. 

Қазақстандық теннисші қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 13-сатыға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның WTA қорытынды турниріндегі қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Париж мастерс турнирінде Александр Бублик үшінші айналымға шықты.

Соңғы жаңалықтар